Ақтөбеде шағын сәулет нысандарына бұрын-соңды болмаған қаражат жұмсалып жатыр (ВИДЕО)

Ақтөбеде шағын сәулет нысандарына бұрын-соңды болмаған қаражат жұмсалып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

@raxatshygar парақшасында жарияланған видеодағы ақпаратқа сәйкес, бұған дейін қала бюджетінен шағын сәулет формаларына жыл сайын шамамен 100 миллион теңге ғана бөлінетін. Ал 2025 жылы мүсіндер мен инсталляцияларға қала әкімдігі 331 миллион теңге қарастырған.

Оларды жасау, орнату және күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алуды қалалық мәслихаттың депутаты әрі «Қайсар Relations» фирмасының негізін қалаушысы Қайырбек Таханов жеңіп алған. Айта кету керек, ол мұндай конкурстарды бұған дейін де бірнеше рет ұтып жүрген.

Депутат басқаратын компания биыл ауқымды жұмыс атқаруы тиіс.

Жобаның 207 миллион теңгесіне жеткізуші 200-ден астам көше орындықтары мен қоқыс жәшіктерін (композитті мәрмәрдан жасалған), арт-орындықтар, сондай-ақ жарықтандырылатын шеңберлер, цилиндрлер мен «бұлттар» орнатуға міндеттелген. Бұл нысандар қаланың орталық бөлігіндегі скверлерді безендіреді.

Айтпақшы, бұл мемлекеттік сатып алу конкурсы неге екені белгісіз, «Ақтөбе қаласының “Астана” ауданы әкімінің аппараты үшін мемлекеттік сатып алу» деп аталған. Алайда техникалық сипаттамаларда қайта-қайта шағын сәулет нысандары (МАФ) туралы жазылған.

Сонымен қатар, 62 миллион теңгеге мердігер Ақшат, Ақжар және Қарғалы тұрғын үй массивтерінің атауы жазылған стелалар жасап, орнатады.

Ал теміржол вокзалы маңында арнайы фотозона орнатылады. Бұл сомаға арка, орындық, алма және қарлығаш бейнесінен тұратын композиция кіреді.

Жыл соңына дейін Тахановтың фирмасы қаладағы барлық ескерткіштер, стелалар мен бұл нысандарға күтім жасайды. Олар күн сайын тексеріп шығып, қажет болған жағдайда жуып, тазалап, ақау табылған жағдайда жөндеуі тиіс.

Бұл қызметтерге жалпы 62 миллион теңге бөлінген.

Мемлекеттік сатып алу аяқталмай тұрып-ақ Қайырбек Амантайұлы @raxatshygar-ға берген пікірінде енді орнатылатын нысандардың функционалдығына ерекше мән беретінін айтқан.

Сапа мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары Тахановтың мүсіндерінің сапасы мен сыртқы көрінісіне қатысты бірнеше рет сын айтқан.