Конституциялық сот «Болашақ» түлектері шетелде онлайн жұмыс істеуіне қатысты сұраққа жауап берді

Конституциялық сот «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің шетелде қашықтан жұмыс істеп, Қазақстандағы еңбек өтеу міндетін орындауына рұқсат бермеді, деп хабарлайды Qazaq.today.

Онлайн жұмыс – еңбекпен өтеуге жатпайды

«Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша білім алған түлектер оқуын аяқтаған соң Қазақстан аумағында міндетті түрде қызмет етуі керек. Шетелде отырып онлайн форматта жұмыс істеу бұл талапты орындау ретінде мойындалмайды.

Өтініш Конституциялық сотқа түсті

Сотқа түскен өтініште «Болашақ» ережесінің 24-тармағы, 5) тармақшасының Конституцияға сәйкестігі тексерілді. Өтініш беруші Еңбек кодексінде қашықтан жұмыс істеуге тыйым жоқ екенін алға тартып, бағдарламаны тәмамдаған соң Қазақстанға келмей-ақ онлайн жұмыс істеуге болады деп есептеген.

Алайда Конституциялық сот бұл уәжбен келіскен жоқ.

Соттың түсіндірмесі

«»Болашақ» бағдарламасы азаматтық-құқықтық шарт негізінде жүзеге асырылады. Бұл шартқа сәйкес, стипендиаттар оқуға дейін ерікті түрде Қазақстан аумағында еңбекпен өтеу міндетін қабылдайды. Бұл талап тек бағдарламаның ережесінде емес, білім туралы заңда да көрсетілген», — делінген сот шешімінде.

Сондықтан сот онлайн жұмыс арқылы қызмет өтеу міндетін орындауға болмайтынын және ереженің Конституцияға қайшы емес екенін мәлімдеді.