Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қанды оқиға күні алып шыққан пышағы көрсетілді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Сот барысында Қаржаубай Нұрымовтың тергеу кезіндегі жауап беру сәті жазылған видео көрсетілді. Онда Нұрымов оқиға күні «Қамажай» дүкенінен май кесуге арналған күміс түсті пышақ алғанын мәлімдеді.
«Басы дөңгелек, кәдімгі май мен нан кесетін пышақ. Мен оны балаларды қорқыту үшін алдым. Бірақ алғашқы болып пышақ көрсеткен — Нұрбол Тоқтаубаев. Оның қолында пышақ болған соң, мен де алып шықтым. Бірақ бұл сәт видеоға түсіп қалмады», — деді Қаржаубай Нұрымов.
Сараптамаға сәйкес, пышақтың жалпы ұзындығы — 29 см, оның ішінде жүзі — 15 см, сабы — 15 см.
Алайда сотталушылардың бірі Қаржаубайдың қолында басқа — сары түсті пышақ болғанын айтып, видео мен куәліктер арасындағы сәйкессіздікке назар аударды. Судья бұл мәлімет жарыссөз кезеңінде қаралатынын мәлімдеді.
Еске салайық, Шерзат Полаттың өліміне қатысты резонансты сот процесі тікелей эфирде жүріп жатыр.