Фото: Astana.tv
Отбасы банктің қызметін аудандар мен ауылдарға бағыттау міндеті нақты іске аспай отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Вице-премьер Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ауылдық және моноқалалық аймақтарда 8,7 миллион адам (Қазақстан халқының 43%) тұрады. Алайда тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қала мен ауыл арасында айтарлықтай айырмашылыққа ие: қалада – 26,9 шаршы метр, ал ауылда – небәрі 20,7 шаршы метр, — деді Саиров.
Еліміз бойынша:
• Ауылдарда – 1200 апатты үй (9 мыңнан астам тұрғын),
• Моноқалаларда – 76 апатты үй (2,3 мың тұрғын) тіркелген.
Ауылдық жерлерде жаңа тұрғын үйдің тек 20%-ы ғана салынған. Себебі – Отбасы банкінің ипотекалық өнімдерінің қолжетімсіздігі мен ақпараттың жетіспеуі.
2024 жылы Отбасы банкі бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ ауылдарда жеке тұрғын үйлер салуға қолжетімді қаржыландыруды ұсынатын «Асыл мекен» пилоттық бағдарламасын іске қосты. Бұл жобаны іске асыруға Отбасы банкі өз қаражатынан 2 млрд теңге бөлді. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша кезекте тұрғандар мен өтініш берушілерге қатысуға басымдық берілді. Қарыздың ең жоғары сомасы 10 млн теңгені құрайды.
Алайда бағдарлама тиімділігі болғанына қарамастан жалғасын таппады, оны қаржыландыру тоқтатылды, — дейді депутат.
Депутаттар Үкіметтен нақты шараларды талап етеді:
1. «Асыл мекен» бағдарламасын кеңейтіп, тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету.
2. Ауыл халқына арналған 5%-дық төмен мөлшерлемемен ипотекалық өнімдерді енгізу.
3. Әкімдіктермен тығыз жұмыс жүргізіп, өңірлік жобаларды қолдау.
4. Әр ауданда Отбасы банкінің кеңселері мен мобильді кеңес беру орталықтарын ашу.
Депутаттың пікірінше, Үкімет Президент тапсырмасын орындауда салғырттық танытпауы тиіс. Бұл – әділетті және теңгерімді қоғам құру жолындағы маңызды қадам.