Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өтті, — деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Президент Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Осы тұста Қайрат Байбосынов «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды.
«Қазақстанның халық әртісі, әнші Қайрат Байбосыновқа жоғары мемлекеттік марапат — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.Бұл марапат — қазақ әнін ғасырлар биігіне көтерген ерен тұлғаның өлшеусіз еңбегіне берілген лайықты баға.Ұлт руханиятын ұлықтап, халық әнінің ғажайып өрнектерін жаңғыртқан зиялы өнерпаз Қайрат ағамызды құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, шығармашылық шабыт тілеймін!», — деп жазды Ерлан Қарин.