5 жыл бұрын дүниеден өткен марқұм Бейсен Құранбектің жары Гүлмира Зербай ел алдына шығып, сұхбат берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Журналистің жары, екі қызының анасы тележүргізуші Дана Нұржігітпен сырласты. 30 жыл бұрынғы алғаш кездескен оқиғаны есіне алды.
“Ақтөбенің қызымын. Алматыға аспирантура оқу үшін келген едім. “Спорт” газетіне корректор болып орналастым. Сол жерде Сайын Тұрсынов деген кісі жұмыс істеген. Мені сыртымнан бақылап жүріпті. Бір күні маған Бейсенді ертіп әкеліп таныстырды. Бас киімін бастырып көзіне дейін түсіріп алған. “Гулочка, мынау менің балам – Бейсен. Мені қалай сыйласаң, осы жігітті де солай сыйла” деп шығып кетті. Ол жерде Бейсен де белсенді болып, ашылып сөйлей қоймады. “Қай жерден боласың, атың кім” деп қана сұрақ қойды. Кейін Сайын аға “Мына қыз сенің кәрі шешеңді бағады” деп құлағына құйса керек, сол күннен кейін редакцияға келгіштеп кетті. Бейсеннің жасы сол кезде – 27де еді. Солай танысып, отбасын құрдық”, – деді Гүлмира.
Одан кейін марқұм журналист күйеуінен алған сыйлықты да әлі күнге дейін сақтағанын айтты.
“Біздің жастық шағымыз тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келді. Ақша да жоқ кезең еді. Бір күні 8 наурызға маған сыйлық әкеліп тұр. Негізі, күтпеген едім, өйткені жағдайды түсінемін. Сөйтсем, Бейсекең екі қоянды сыйлады. Қанша жыл өтсе де, әлі күнге дейін сақтап қойдық. Қаншама рет пәтер алмастырдық, сол кезде де жоғалтпадым. Балаларымыз ойнайды да, кіреберістегі телефонның жанына қойып қояды. Бір күні үйге қонақ бала келіп, “Қояндарды алып кетемін” деп жылады. Бейсекең екеуміздің ең құнды затымыз болғасын берген жоқпыз. Сол жерде тұрып Бейсен: “Қояндарды құтқару операциясын бастайық” деп, екі балаға ақша ұстатып, қояндарды сақтап қалдық”, – деді марқұмның жары.