Джо Байденнен қатерлі ісік анықталды

АҚШ саясаткерлері 3-4 күн бұрын қойылған диагнозды естіген сәтте әріптесіне қолдау білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Байденге берілген дерт ағзаға таралып үлгерген, яғни сүйекке метастаза берілген. Ауру агрессивті саналғанымен, оны емдеуге болатыны айтылып отыр.

Экс-президент пен оның отбасы осы күні емдеудің түрлі нұсқасын дәрігерлермен бірге талқылап жатыр.

Тосын жайтқа президент Дональд Трамптан бастап, вице-президент Камала Харрис және экс-президент Барак Обама, т.б. саяси қайраткерлер қолдау танытып, тілектестіктерін білдіруде.

– Мелания (АҚШ-тың бірінші ханымын айтады) екеуміз Джо Байденнің медициналық диагнозы туралы естігенде қатты уайымдадық. Біз Джилге (АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы) және бүкіл отбасына шынайы тілектерімізді білдіреміз және Джоның тез сауығып кетуін тілейміз, – деп ағынан ақтарылды Трамп.

Сонымен қатар, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама да Байденнің қатерлі ісікке табандылықпен жауап беретініне сенеді.

– Мишель екеуіміз Байден отбасы үшін алаңдаулымыз. Қатерлі ісікке қарсы жаңа емдеу әдістерін іздеуде Джодан көп еңбек сіңірген адам жоқ. Ол бұл дертпен өзіне тән табандылықпен, сабырлығымен күресетініне сенімдімін. Біз оның тез әрі толық айығып кетуіне тілекшіміз, – деп жазды ол X әлеуметтік желідегі парақшасында.

АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Камала Харрис те Байденге қолдау білдіріп, күрескер екенін еске салып, сауығып кетуіне тілекші екенін жазған.

– Дуг екеуміз президент Байденнің қуық асты безінің қатерлі ісігіне шалдыққанын естігенде қатты қамықтық. Біз оны, доктор Байденді және оның бүкіл отбасын осы қиын кезеңде жүрегімізде ұстаймыз. Джо – күрескер, мен оның бұл сынақты сол күш-жігердің арқасында жеңетінін білемін. Біз оны толыққанды әрі тезірек сауығып кетеді деп үміттенеміз, – деп жазды Харрис.