Талдықорғанда Шерзат Болаттың қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша 17 жастағы Думан Ысқақтан сот барысында жауап алынды. Ол қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Айта кетейік, жасөспірім 2007 жылы дүниеге келген және Қылмыстық кодекстің 434-бабы – «Қылмыс туралы ақпаратты жасыру» бойынша айыпталып отыр.
Сотта берген түсініктемесінде ол негізгі айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың көршісі екенін айтты. Қайғылы оқиға орын алған күні Тоқтаубаев оған телефон шалып, ішімдік ішкенін айтып, көлік жүргізіп беруін сұраған.
«Біз Рысқұлов ауылынан Талғарға қарай жолға шықтық. Нұрбол досын апарып тастағаннан кейін маған такси ұстап беретінін айтты. Кейін ол Шыңғыс Белғожаевқа хабарласып, қайда екенін сұрап білді. Қайтадан шығып кетеміз деп мейрамханаға бардық. 15 минуттан кейін Нұрбол маған Дархан есімді досын біреулер соққыға жыққанын айтып, сол жаққа барып келуді ұсынды. Біз ‘Қамажай’ дүкені орналасқан жерге бардық. Ол жерде Қаржаубай Нұрымов, Дархан Әскентай, Шерзат Болат және Нұрқанат Ғайыпбаев жиналып тұр екен», – деп баяндады жасөспірім сол күнгі оқиғаны.
Оның айтуынша, Қаржаубай Нұрымовтан не болғанын сұрап, артынша көлікке қайта отырған.
«Кенет тарс еткен дыбыс естілді. Қорыққаннан көлікті артқа қарай айдап кеттім. Шамамен жеті минуттан соң жанымнан бір көлік зу етіп өтті. Айнала тынышталып қалды. Нұрбол сол көлікте деп ойлап, соңынан жүрдім. Сол кезде Шынасыл Абзалдың пышақ сүртіп отырғанын байқадым. Сонымен қатар көліктен мылтықты да көзім шалды», – деді ол.
Жасөспірімнің айтуынша, ол оқиға орнынан кетіп, келесі күні, яғни 2024 жылдың 4 қазанында сабағына қатысқан.