Талғар аудандық сотында өтіп жатқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша басты айыпталушылардың бірі Азамат Тоқтаубаев тергеу барысында бұрын сотталғанын растады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Ол өзінің жеке өмірі, таныстық байланыстары мен оқиғаға дейінгі тұрмыс жағдайы жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
Сот отырысы кезінде Тоқтаубаев өзге күдіктілермен қарым-қатынасы туралы сұрақтарға жауап беріп, кейбірімен бала күнінен аралас екенін жасырмады.
«Тұрар Рысқұлов ауылынан болғасын Нұрқияс Ілиясов менің көршім болды. Бала кезімізден бірге өстік. Сакиев Равиль мен Ысқақ Думанды да бұрыннан танимын. Ал Дархан Әскентайды жақында ғана, соңғы бір жыл ішінде ғана таныдым. Қалиахмет Дидармен де көп араласқан емеспін», – деді айыпталушы.
Сондай-ақ ол сотта жұмыс өтілі мен күнкөріс тәсілдері туралы да айтты. Өзінің айтуынша, бірқатар маусымдық жұмыстар атқарған.
«Бақылаушы болып шаңғы базасында істедім, кейін саудамен айналыстым – тұрмыстық заттар саттым. Соңғы рет үйімнің жанындағы моншада аспаздың көмекшісі болдым», – дейді Тоқтаубаев.
Сот барысында белгілі болғандай, ол тергеу кезінде үйқамақта болғанымен, бұлтартпау шарасын бұзған.
«Үйқамақты бұзғаным рас. Заңбұзушылық деп танысаңыздар, қарсылығым жоқ. Бірақ ол кезде денсаулығым нашарлап, дәріханаға шығуға мәжбүр болдым», – деп түсіндірді ол.
Прокурор Дана Сәрсенбай айыпталушының мінез-құлқын бағалауда оның бұрынғы құқықтық мәртебесінің маңызы бар екенін атап өтті. Сұрақ қою барысында Тоқтаубаев бұрын сотталғанын мойындады, бірақ бұл істің мән-жайына қатысы жоқ екенін алға тартты.
«Иә, бұрын сотталғанмын. Бірақ бұл жағдайдың бұл іске еш қатысы жоқ деп есептеймін. Қазіргі іс бойынша нақты сұрақ қойсаңыздар, барлығына ашық жауап беруге дайынмын», – деді сотталушы.
Іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Азамат Тоқтаубаев 2023 жылдың желтоқсанында ер адамға ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша айып тағылып, ол екі айға қамауға алынған. Кейін жәбірленуші оның бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдегеннен кейін 2024 жылдың ақпанында үйқамаққа ауыстырылған.
Тергеу барысында іс 106-баптың 2-бөлігіне (аса ауыр зардаптарға әкелген әрекет) қайта сараланып, 2024 жылдың 17 қазанында сот үкімімен айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.