Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты ресми мәлімет шықты

Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, ол ауруханада ем алып жатыр. Бұл туралы Қазақстан президентінің іс басқармасы медициналық орталығының ұлттық госпиталі мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап. 

«Пациент Қазақстан президентінің іс басқармасы медициналық орталығының ұлттық госпиталінде ем алып жатыр. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 273-бабына сәйкес, пацинетке, оның диагнозына, денсаулық жағдайына қатысты мәліметтер «Медицина қызметкерінің құпиясы» деп аталатын санатқа жатады.

Мәліметтерді жарияламау туралы шешім пациенттің мүддесіне сай, яғни оның құпия сақтауға қатысты заңды құқықтарын қамтамасыз ету, жеке өмірін құрметтеу және және емдеу процесін ықтимал араласудан қорғау мақсатында қабылданды. Түсіністік танытып, медициналық этика мәселелеріне құрметпен қарағандарыңыз үшін алғыс айтамыз», — деп хабарлады госпитал өкілдері NUR.KZ тілшісіне.

Айта кетейік, бұған дейін желіде Сара Назарбаеваның ауырып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін оны Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстандағы тұңғыш «SOS – балалар ауылдарының» түлегі Рафаэль Гасанов растады.

Қазнетте Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы бұл деректің шындыққа жанаспайтынын айтып, Сара Алпысқызының ауруханада ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.