Фото: tatlerasia.kz
“Бөрте” спектаклі арқылы танылған актриса әрі опера әншісі Айя Шәріп өміріндегі күрделі кезеңдер туралы ашық айтты. Ол продюсер Баян Мақсатқызы ұйымдастырған «Алтын ханым» байқауына қатысуының басты себебі – ұлын табу екенін жасырмады,деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Жүрегімде жазылмаған жара, үзілмеген үміт бар. «Алтын ханым» байқауы арқылы 20 жыл көрмеген баламды іздеймін», – дейді актриса.
Айя Шәріптің айтуынша, ол 18 жасында тұрмысқа шыққан. Бірақ отбасылық өмірі қиындыққа толы болған. Жолдасымен ресми түрде ажыраспай тұрып, ол ұлын балабақшадан алып, қашып кеткен.
«Балам бес жасқа толғанда бұрынғы күйеуім тартып алып, Америкаға алып кетті. 25-ке толған Айбегімді әлі күнге дейін күтемін», – дейді Айя Шәріп.
Сот кейін үлкен баланы әкесімен қалдыру туралы шешім шығарған. Ал кіші баласы актрисамен бірге қалған.
Айя Шәріп үшін сахна мен музыка – тек өнер емес, жүректегі сағынышты жеткізудің жолы.
«Әрбір орындаған әнім – жүрегімнің айғайы, әрбір сомдаған рөлім – жандүниемнің қайғысы. Бұл байқау – мен үшін үміттің соңғы жалыны», – деп ағынан жарылды ол.
Актрисаның басты арманы – ұлы бір күні теледидардан өз анасын көріп, іздеп табуы. Осы мақсатта ол «Алтын ханым» байқауына қатысуға бел буған.
«Бұл байқау өнер сайысы ғана емес, ананың жүрек сағынышын жеткізетін алаң», – дейді ол.