Ақтөбеде ауыл әкімі қызғалдақпен түскен суреті үшін сотқа тартылды

Ақтөбе облысында Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаева сотқа тартылды. Оған себеп — әлеуметтік желіде қызғалдақтармен түскен суреттің таралуы, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

КТК телеарнасының мәліметінше, Бердібаева суретте бейнеленген гүлдерді оның кәмелетке толмаған қыздары Кандыагаш маңында демалыс кезінде өз беттерінше теріп алған. Айтуынша, олар гүлдер өскен жерде ескерту белгілері болмаған, жанында мал жайылып жүрген. Алайда әкімге «ата-аналық міндетін дұрыс атқармағаны» үшін әкімшілік іс қозғалды. Бұл құқықбұзушылық үшін 70 АЕК көлемінде (275 240 теңге) айыппұл қарастырылған. Сот отырысында қызғалдақтардың Қызыл кітапқа енген-енбегені нақтыланған жоқ. Мамандар букет сақталмағандықтан, нақты сараптама жүргізе алмаған. Алайда өңірде сирек кездесетін Шренк және Кауфман түріндегі қызғалдақтар өсетінін растады.

«Фотосурет бойынша гүл түрін анықтау мүмкін емес. Мұғалжар ауданында нақты қай түрі өсетіні туралы дерек те жоқ», — деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Артур Кантарбаев.

Ләззат Бердібаева бұл жағдайдың өзін және отбасын күйзеліске ұшыратқанын айтты.

«Мен депрессияға түстім. Қоғамдық қысым маған да, қыздарыма да ауыр тиді. Тіпті олардың жеке өмірін де талқылап жатты. Мен өз міндеттерімді қалай атқарып жүргенімді халық біледі», — деп көзіне жас алды әкім.

Сотқа ол екі мінездеме ұсынды: біреуі мектеп директорынан қыздарына берілген, екіншісі — ауыл ақсақалдарынан өз атына. Екеуі де жағымды сипатта. Сот отырысы барысында әкімнің кінәсі дәлелденбеді, себебі букет те, нақты сараптама да жоқ. Іс бойынша келесі тыңдау 15 мамырға белгіленген.