Жанар Дұғалова актерлікке қайта оралды: музыкалық комедияда шоу-бизнес жұлдызының рөлін сомдайды

Қазақстандық эстрада жұлдызы, әнші әрі актриса Жанар Дұғалова көпшілік назарынан тыс қалып, біраз уақыт өнер сахнасында көрінбей кеткен еді. Алайда талантты өнер иесі бұл жолы актерлік жолын қайта жалғастырып, жаңа музыкалық комедияда басты рөлдердің бірін сомдамақ. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.

Музыкалық комедияға деген қызығушылық

Жанар Дұғалова таңдаған жаңа жобасы — музыкалық комедия жанры. Бұл формат актрисаның әншілік және актерлік шеберлігін қатар қолдануға мүмкіндік береді. Ол бұл рөлге қызығушылығын былайша түсіндіреді:

«Ең бастысы ол әрине музыкалық комедия болғандықтан маған ұнады. Ұсыныс жасағанда әнші туралы деді және де әрине көптеген әндер орындалатынын айтты. Сондықтан да әрине мен… Мен үшін актер ретінде және әнші ретінде жаңағы бір оқпен екі қоян атқандай болды», — дейді Жанар.

Жобада ол шоу-бизнес өкілін бейнелейді. Бұл рөл Жанардың сахнадағы өміріне ұқсас болғандықтан, образды табиғи түрде алып шығатынына сенімді.

Уақыт тапшылығы – басты кедергі

Актриса соңғы жылдары киноға жиі шақыртулар алып жатқанын айтады. Дегенмен, жеке өмірі мен гастрольдік сапарларына байланысты уақыттың жетіспеушілігі актерлік ұсыныстарды шектеуге мәжбүр етеді.

«Бірақ енді уақыттың тығыздығына байланысты, өзімнің жеке өмірім бар, өзімнің әншілік жаңағы гастрольдерім бар. Сондықтан да әрине, егер маған сценарий, режиссер ұнаса ғана мен қабыл аламын ұсынысты», — дейді ол.

Жанар шығармашылықта сапаға ерекше мән беретінін жасырмайды. Сондықтан да әр ұсыныс мұқият қаралады.

Әншілік ұстанымы мен шығармашылық тыныс

Жанар Дұғалова әншілік мансабында сирек ән шығаруының себебін өзінің өмірлік және шығармашылық ұстанымымен түсіндіреді. Ол үшін сапалы туынды шығару мен тыңдарманның шынайы ықыласы басты орында.

«Менің байқауымша және ол менің ұстанымым, және тәжірибе. Иә, егер әншіні халық ұнатса, жанкүйерлері жақсы көрсе, жүз жылда жаңа, жиырма жылда бір ән шығарса да, бәрібір жақсы көреді», — дейді әнші.

Жас буынмен дуэт және жаңа жоспарлар

Қазіргі уақытта Жанарға жас әншілерден дуэтке ұсыныстар жиі түсіп жатады. Бұл — оның әлі де тыңдарман көңілінен түспегенін және құрметке ие екенін көрсетеді.

«Жас буыннан қуантып жатыр мені. Ұсыныстар түседі. Яғни, мені әлі ұмытқан жоқ, мені құрметтейді, менімен ән салғысы келеді. Бірақ та енді маған келетін репертуар әлі естімедім», — дейді ол.

Сондай-ақ, Sadrsddin және Kalifarniya сияқты жаңа буын орындаушыларын жоғары бағалайтынын атап өтті. Жанкүйерлерінің “концерт қашан болады?” деген сұрақтарына жауап ретінде, әнші болашақта ерекше, Қазақстанда теңдесі жоқ, жоғары деңгейдегі концерт ұйымдастырғысы келетінін айтты.