Министр уәде етті: Келесі жылы картоп бағасы арзандайды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін елімізді 2025 жылы арзандатылған бағамен картоппен қамтамасыз етуге уәде берді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпараттық агенттігі.

Министрдің айтуынша, былтыр кеткен кемшіліктер сараланып, тиісті жұмыстар атқарылған. Картоп тапшылығының басты себебі – Өзбекстан тарапынан болған жоғары сұраныс. Соңғы он жылда мұндай көлемде экспорт тіркелмеген – шамамен 600 мың тонна өнім сыртқа жөнелтілген. Ал шетелден импортталған көлем небәрі 60 мың тоннаны құрап, экспорттың 10%-ына ғана тең болған.

«Биыл картоп егіс көлемі негізінен шаруа қожалықтарында емес, ұйымдастырылған агроөндірістік құрылымдарда ұлғайтылады. Сондықтан ішкі нарықты жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етеміз деп сенемін. Бағасы да сәл төмендейді», – деді Айдарбек Сапаров.

Министр былтыр Қазақстанда 2,6 млн тонна картоп жиналғанын еске салды, ал елдің ішкі қажеттілігі 2 млн тоннаны құраған. Алайда көрші Өзбекстаннан келген жоғары сұраныс бағаның шарықтауына әсер еткен.