Алматыда түнгі уақытта мопедімен келіп, банк тонамақ болған жігіт қолға түсті.
Видеода ер адамның ғимарат ішіне кіргенмен кассаға өте алмағанын байқауға болады.
«Белгісіз ер адам ғимаратқа терезе арқылы кіріп, одан кейін кассаға өтпек болғанымен, брондалған шыныдан өте алмаған. Бұл әрекеттің бекер екенін түсінген қаскөй оқиға орнынан кетіп қалған», — деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
Криминалдық полиция басқармасы Жетісу аудандық полициясымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қысқа мерзімде 32 жастағы күдікті анықталып, ұсталды.
«Аудандық жедел қызметкерлер мен біздің бөлімшенің қызметкерлерінің келісілген жұмысының арқасында ұрлық жасау әрекеті «ізін суытпай» ашылды. Бұл – профилактикалық бейнебақылаудың тиімділігінің және қызметкерлеріміздің жедел әрекет етуінің үлгісі. Біз жаңа технологиялар мен цифрлық мүмкіндіктерді белсенді түрде қолданамыз. Күдікті өз кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.