Ақтөбеде әйелді кепілге алған күдіктінің ісі сотқа жіберілді

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбеде әйелді кепілге алып, оның анасы мен өгей әкесін өлтірген күдіктіге қатысты тергеу аяқталды. Прокуратура істі сотқа жіберді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ақтөбе облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша қозғалып, тергеу жүрді.

— Тергеу барысында күдікті өз танысымен жанжалдасып, кейін үйіне заңсыз кіріп, оның анасын және өгей әкесін өлтіргені, ал жәбірленушіні бостандығынан заңсыз айырып ұстағаны анықталды. «Арлан» арнайы бөлімшесінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленуші босатылып, күдікті оқиға орнында ұсталды. Облыс прокуратурасымен іс ерекше бақылауға алынып, процестік прокурорлар тобы тағайындалды. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 1,3,5 тармақтары (Екi немесе одан көп адамды өлтіру), 126-бабының 2-бөлігінің 3,4 тармақтары (Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айыру) және 107-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру), яғни екі немесе одан көп адамды аса қатыгездікпен өлтіру, сондай-ақ күш қолдану арқылы бостандығынан заңсыз айыру баптары бойынша айып тағылды. Сотта мемлекеттік айыптауды процестік прокурор қолдайтын болады, — деді Ақтөбе облысы прокуратурасының прокуроры Әсел Мәлікова.