Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей көшбасшысы Владимир Путиннің Түркияда тікелей келіссөздер өткізу туралы ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Өз пікірін Украина президенті әлеуметтік желідегі Х парақшасында жариялады:
«Бұл – оң белгі. Ақыры Ресей соғысты тоқтату мүмкіндігін қарастыра бастады. Бұл сәтті бүкіл әлем өте ұзақ күтті. Кез келген соғысты нақты тоқтатуға жасалатын алғашқы және ең маңызды қадам – оқ атуды тоқтату. Қан төгуді бір күнге де жалғастырудың мәні жоқ», – деп жазды Зеленский.
Ол Украина Ресей тарапынан 12 мамырдан бастап атысты толық тоқтатуды ресми түрде растауын күтетінін атап өтті.
«Украина келіссөздерге дайын», – деп қосты Зеленский.
Бұған дейін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Украинаға ешқандай шарт қоймастан тікелей келіссөз жүргізуді ұсынған болатын. Келіссөз орны ретінде ол Ыстамбұлды ұсынып, нақты күнін – 15 мамыр деп атады. Сонымен қатар, Путин тараптар ұсынған 30 күндік бітімге келіспейтінін білдірді.
Франция, Ұлыбритания, Польша, Германия және Украина дәл осындай уақытша бітім форматында соғысты тоқтатуға Ресейді шақырған болатын.