АҚШ-тың Украинадағы елшілігі отандастарына ескерту жасады

Киевтегі АҚШ елшілігі алдағы күндері кең көлемді әуе шабуылы болуы мүмкін екенін айтып, отандастарына ескерту жасады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Фото:depositphotos.com / Фото автора TealSun

Дипломатиялық миссия бұл мәлімдемені ресми сайтында жариялады.

«Киевтегі АҚШ елшілігі алдағы бірнеше күн ішінде кез келген уақытта ауқымды әуе шабуылы болуы мүмкін деген ақпарат алды», – делінген хабарламада.

Елшілік АҚШ азаматтарына «әуе дабылы жарияланған жағдайда дереу жасырынуға дайын болуды» ұсынды.

Хабарламада мұндай жағдай туындаған кезде қандай шаралар қолдану керектігі түсіндірілген.

«Әуе дабылы жарияланбай тұрып, жақын жердегі паналау орындарын анықтаңыз. Ұялы телефоныңызға әуе дабылы туралы сенімді хабарлайтын қосымшаны жүктеп алыңыз… Әуе дабылы жарияланған жағдайда дереу паналаңыз. Жергілікті БАҚ жаңалықтарын қадағалаңыз. Су, азық-түлік және дәрі-дәрмек қорын дайындап қойыңыз», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, америкалықтарға төтенше жағдай кезінде Украина билігі мен шұғыл әрекет ету қызметтерінің нұсқауларына құлақ асу ұсынылды.

Айта кетейік, Жеңіс күні қарсаңында үш күн қатарынан украиналық дрондар Мәскеу әуе кеңістігіне кіріп кеткен болатын. Бұл жағдай Мәскеудегі әуежайлар жұмысының бұзылуына себеп болды. Кейбір әуежайлар жабылып, жүздеген рейстің жұмысына шектеу қойылды.

Еске салсақ, 8 мамырда Ресей президенті Владимир Путин Жеңістің 80 жылдығына орай біржақты түрде 72 сағатқа оқ атуды тоқтату режимін енгізген болатын.