Ватиканда жаңа Рим Папасын сайлау рәсімі өтіп жатыр

Ватиканға жаңа Рим Папасын сайлау үшін бүкіл әлемнен 133 кардинал жиналды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Сәрсенбі күні Әулие Петр соборында салтанатты месса, одан кейін Сикстин капелласында құпия дауыс беру өтті. Кардиналдар Рим католик шіркеуінің жаңа басшысын сайлау бойынша алғашқы дауыс беру раундын өткізді.

Үш сағаттан кейін капелла төбесіндегі мұржадан қара түтін шықты. Бұл жаңа Рим Папасы әлі сайланбағанын білдіреді.

Жаңа басшыны сайлау үшін жоқ дегенде 89 дауыс қажет. Конклавқа әлемнің әр түкпірінен 133 кардинал қатысып жатыр.

Ватиканның хабарлауынша, күн сайын төрт дауыс беру раунды өтуі мүмкін. Келесі дауыс беру бейсенбі таңертеңгі уақытқа жоспарланған.

Сикстин капелласындағы мұржадан шыққан ақ түтін мен қоңыраудың соғылуы – жаңа Рим Папасы сайланғанының белгісі. Әдетте жаңа понтифик сайланғаннан кейінгі бір сағат ішінде Әулие Петр алаңына қараған балконға шығады. Қазірдің өзінде алаңға мыңдаған адам жиналған.

2005 және 2013 жылдары өткен Рим Папасын сайлау процесі екі күнге ғана созылған. Биылғы кардиналдар алқасы жалпы 252 адамнан тұрады. Бірақ та, 80 жастан төмен кардиналдар ғана дауыс бере алады. Мұндай кардиналдардың саны – 135, оның ішінде екеуі ауырып қалуына байланысты дауыс беруге қатыса алмады.