«Ерекше ерлігі айқын көрсетілген»: Кемел Тоқаевқа қатысты құпия құжат жария болды

Фото: dalanews.kz

«Бірінші болып қарсылас шебіне басып кіріп, автоматпен оқ жаудырып, 5 немісті жойды»: Ресей Қорғаныс министрлігі Қазақстан Президентінің әкесі Кемел Тоқаев туралы мұрағат құжаттарын жариялады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы. 

Кемел Тоқаевтың ерліктері туралы егжей-тегжейлі жазылған марапат парақтары «Халық жадысы» сайтында ашық қолжетімді болды.

«Бір немісті жаралап, тұтқынға алған. Тұтқынды ертіп, өз бөлімшесіне қайтып келе жатқанда, Тоқаев аяғынан жарықшағы бар оқпен жараланды… Жарақатқа қарамастан, неміс тұтқынды атып тастап, жарасын таңып алып, өз танкілеріне жетіп үлгерді», – делінген марапат парағында.

Гвардия сержанты Кемел Тоқаев 1945 жылы Польша аумағындағы ұрыста көрсеткен ерекше ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Құжатта оның батырлығы мен ерік-жігері егжей-тегжейлі сипатталады. Атап айтқанда, 1945 жылдың 21 қаңтарында Польшадағы Еглевец елді мекенінде неміс күштері түн ішінде күтпеген шабуыл жасайды. Осы сәтте автоматшылар танктерді қорғап, жау шабуылына қарсы шабуыл ұйымдастырады.

Гвардия подполковнигі Афанасий Поваровтың қолы қойылған марапаттау парағында Кемел Тоқаевтың ерекше ерлігі айқын көрсетілген. Ол жау шебіне бірінші болып кіріп, бес неміс сарбазын атып, біреуін тұтқынға алған. Жарақат алғанына қарамастан, тұтқынды қауіпсіз жеткізуге тырысқанымен, ақыры оны атып тастап, өзі танкіге дейін жетіп үлгерген.

Соғыстан кейін Кемел Тоқаев кеңестік Қазақстанның көрнекті тұлғаларының біріне айналды. Ол — бірнеше детектив және тарихи шығармалардың авторы, журналистика мен әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер. Оның шығармашылығы қылмыс пен әділет, адамгершілік және патриоттық құндылықтар төңірегінде өрбіді.

Кемел Тоқаевтың жауынгерлік ерлігі мен азаматтық өмірі бүгінгі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғалық қалыптасуына зор әсер еткені анық. Ұлт көшбасшысының парасаттылығы мен байсалды саяси бағыты әке тәлімінен бастау алатыны сөзсіз.

Ресей Қорғаныс министрлігінің бұл құжаты — жеке адам тағдыры арқылы тарихты қайта пайымдауға мүмкіндік береді. Ол бір отбасының ғана емес, бүкіл халықтың жадындағы батырлық пен отансүйгіштік рухтың айғағы. Қазақстан қоғамы үшін бұл құжат тарихи жадыны жандандырып, жастарға үлгі боларлық құнды дерек болып отыр.