Фото: Reuters
Үндістан Чинаб өзеніндегі Баглихар бөгетін жауып тастап, Пәкістанға су беруді уақытша тоқтатты. Сонымен қатар алдағы уақытта Нью-Дели Джелам өзеніне де қатысты осындай шешім қабылдайтынын ескертті, деп жазады Qazaq.today ақпарат порталы Hindustantimes-ке сілтеме жасап.
Бір апталық талқылаулар мен гидрологиялық сынақтардан кейін Үндістан Баглихар бөгетінде тұнбадан тазарту жұмыстарын жүргізіп, шлюздерді түсіріп Пәкістанға ағынды 90%-ға дейін қысқартты.
Қазір екі ел арасындағы жағдай ушығып тұр. 2 апта бұрын шекаралас аймақта лаңкестік болған. Үндістан шабуылға Пәкістанды кінәлап отыр. Бірақ, екінші тарап бұл айыппен мүлдем келіспейді. Осыдан кейін Нью-Дели бір жақты тәртіпте 65 жыл бұрын қол қойылған келісімнен шығып кетті. Ол келісімде суды ортақ пайдалану туралы ереже бар.
Пәкістан көрші елдің су беруді тоқтату әрекетін соғысқа теңейтінін ескертті.