Бірінші рет қорқытамын деп, екіншісінде жігіттердің артынан жүгіріп барып атты — сотталушы

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде басты айыпталушылардың бірі Дархан Әскентайдан жауап алынды. Сотталушы тергеу кезіндегі жауабымен келіспейтінін айтып, өзіне күш көрсетілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Әскентайдың сөзінше, оқиға болған күннің ертесіне полиция бөлімшесінде жауап алу кезінде жеті жігіттің барлығы 24 сағат бойы қысымға ұшыраған. Оның өзі жарақаттанып, есін жинай алмағанын, сол себепті дұрыс жауап бере алмағанын айтты.

«Бізді кешке дейін камераға түсіріп, кабинеттен кабинетке тасып жүрді. Ұрып-соғып, боқтап, тек оқиға орнына апарарда ғана сыртқа шығарды. Сол күнгі айтқандарыммен толық келіспеймін. Бүгін не болғанын толық айтамын», – деді ол.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Дархан Әскентайдан тергеу барысында алты мәрте жеке жауап алынған, үш рет беттестіру болған және бір рет айғақтарды нақтылау жүргізілген. Дегенмен, сол жауаптарының бірде-бірінде Әскентай Шерзаттың қолында кастет болғанын айтпаған. Бұл туралы ол алғаш рет сот отырысында мәлімдеді.

Сондай-ақ сотталушы қайғылы оқиға орын алған күні Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолында мылтық болғанын, оның екі рет оқ атқанын айтты.

«Бірінші рет қорқытамын деп атты, екіншісінде жігіттердің артынан жүгіріп барып, «атамын, тоқтаңдар» деп тағы атты. Сол сәтте бір баланың құлағанын көріп, оқ тиді ме деп қорықтым», – деді ол.

Дархан Әскентай Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша бұзақылық жасады деген күдікпен сотқа тартылған. Алайда ол тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, тек өзі жасаған әрекеттер үшін ғана жауап беруге дайын екенін білдірді.

Сотталушының айтуынша, ол жәбірленуші тарапқа күш қолданбаған. Тіпті бұл іске дейін қатысушылардың ішінен тек Нұрболды ғана бұрыннан таныған.

«Нұрқанатпен сөйлесіп тұрған кезде Қаржаубай пышақ алып шықты. Балалар әлі келмей тұрып, пышақты көрсетті. Бұл дүкеннің сыртында болды. Ол балағат сөздер айтып, Нұрбол кешірім сұрады. Қаржаубайдың «Хуторский» деп айқайлағаны қайдан шыққанын білмеймін. «Денсаулығын қойып береді»деген сөз де болмаған», – деп жауап берді ол қорғаушы тарап қойған сұраққа.