Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламды қарсы алды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр.
Айта кетейк, жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы қазақ-вьетнам ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланады.
Ал 7 мамыр күні Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада өтетін әскери парадты тамашалайды.