Шерзат Болатқа қатысты іс бойынша куә ретінде жауап берген Алматы облысы Талғар ауданы Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінің бастығы Медет Әділжан сотта тергеу барысы жайлы мәлімет берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Жедел кезекшіден хабарлама түскен соң, бірден аудандық полиция басқармасына бардым. Оқиғаға байланысты қарамағымдағы қызметкерлерді жұмылдырдым және әрқайсысына нақты тапсырмалар жүктедім. Кейін оқиға орнына өзім де бардым. Белгіленген жоспарға сай әрекет еттік», – деді ол.
Оқиға орнынан кейін Медет Әділжан жедел уәкілмен бірге ауруханаға барып, онда Нұрқанат Ғайыпбаевтан бейнетаспаға сұхбат алғанын жеткізді.
«Қолымызда бірнеше адамның суреті болды. Ғайыпбаевтан күдіктілерді танысын ба деп сұрадық. Ол «танимын» деп жауап берді. Суреттерді көрсеткен кезде «мына азамат Шерзатты пышақтады, ал мына азамат мені пышақтады» деп көрсетті», – деді Әділжан.
Судья Ержан Жанұзақов күдіктінің кім екенін нақтылауын сұрады.
«Ол Шерзатты пышақтаған адам ретінде Шынасыл Абзалды, ал өзін жарақаттаған күдікті ретінде Тоқтаубаевты көрсетті. Екеуінің де фотосуреттерін танып, дәл көрсетті», – деп жауап берді Медет Әділжан.