Алматы ауруханасында күзет күшейтілді: Сара Алпысқызының денсаулығы туралы тың ақпарат шықты

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жары, қоғам қайраткері Сара Алпысқызы Назарбаева қазіргі уақытта Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде ем қабылдап жатыр. Алайда оның денсаулығы мәз емес, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Баспасөзде тараған деректерге сүйенсек, медициналық мекемеде күзет күшейтіліп, түсірілім жасауға қатаң тыйым салынған. Аурухана ішіндегі кейбір науқастар оны көргендерін растаған.

                           Ресми ақпарат расталмады, бірақ жағдай күрделі

Orda.kz порталының мәліметінше, аталмыш аурухана — ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты медициналық орталыққа тиесілі. Госпитальдің баспасөз хатшысы Елена Коэмец телефон арқылы байланысқа шығып, нақты ақпарат бере алмайтындарын айтты:
«Қазір бізде ешқандай ресми дерек жоқ. Өзіміз де ақпаратты күтіп отырмыз», — деді ол.

Редакция дереккөздерінің айтуынша, Сара Алпысқызының қазіргі сырқаты жасына байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, ресми диагноз немесе нақты жағдай туралы мәлімет берілген жоқ.

                                         Сара Алпысқызы – ел үшін еңбегі сіңген тұлға

Сара Назарбаева — Қазақстандағы балалар үйлері мен жетім балаларды қолдаудың негізін қалаған алғашқы қайраткер әйелдердің бірі. Ол 1994 жылы SOS балалар ауылдарын елімізге енгізіп, онсыз да тағдыры күрделі балаларға аналық қамқорлық көрсеткен.

Сол ауылдың түлектерінің бірі, қазіргі таңда Қазақстандағы балалар үйлері түлектері қауымдастығының президенті Рафаэль Гасанов Сара Алпысқызымен байланыста екенін және оған шын жүректен саулық тілегенін айтты.

«Ол балаларға тек сыйлық беріп қана қоймайтын. Жан жылуын сыйлайтын, өмірді сүюге үйрететін, адамгершілік пен рухани құндылықтар жайлы айтатын. Біз оны шын мәнінде «анамыз» деп атайтынбыз. Ол — бала құқығын қорғау жүйесінің негізін қалаған тұлға», — деп еске алды Гасанов.

                                         Қасында – жақындары, артында – алғысқа толы ел

Қазіргі таңда Сара Алпысқызының жанында оның қыздары мен ең жақын адамдары бар. Жақындары халықты сабырға шақырып, оның сауығып кетуіне үміт артып отыр.

Көпшілік үшін Сара Алпысқызы Назарбаева – тек экс-президенттің жұбайы ғана емес, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға өмірін арнаған көрнекті қоғам қайраткері. Оның бастамалары – бала құқықтарын қорғау, отбасы мен ананың рөлін көтеру, рухани-адамгершілік тәрбие – бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Ол жақында ғана Рафаэль Гасановқа кітаптар сыйлап, оның қоғамдық жұмысына табыс тілеген. Бұл да оның тәрбиеленушілерімен байланысын үзбегенінің жарқын дәлелі.