«Делайте» деп айтқан жігіт пен Қаржаубай Нұрымовтың тергеудегі видеосы көрсетілді

Сот отырысында марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен куәгер Самат Абдықадыр арасындағы тергеу барысындағы беттестіру кезінде түсірілген видео көрсетілді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Видеодан Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күні төбелеске қатысушыларға Самат Абдықадырдың нұсқау беріп, «делайте» деп айтқанын айтты.

«Дүкеннің алдында төбелес басталмас бұрын, Нұрбол мен Дархан дегендер жігіттерін шақыра бастаған. Сол кезде екі көлік, Accent пен Mercedes, дүкеннің алдына келіп тоқтады. Самат осы көліктерден түсті, қасында тағы екі жігіт болды. Олар тоқтап, Самат кабан көлігіндегі жігіттермен және Нұрбол, Дархан, Нұрқиястармен амандасты. Нұрқанатпен де амандасып, олар сөйлесіп тұрды. Нұрқанат маған: «Мен төбелеспеймін, мен шалмын, жігіттер сөйлеседі» деп айтты. Мен «бәрі дұрыс па?» деп сұрағанда, Нұрқанат «дұрыс, танимын ғой» деп жауап берді. Осы сәтте Самат «делайте» деді, – деп айтқан Қаржаубай Нұрымов видеода.

Қаржаубайдың айтуынша, Самат бұл сөзді өзінің қасындағы жігіттеріне айтқан. Бірақ куәгер Самат Абдықадыр бұл сөзді айтпағанын мәлімдеді. Ол Қаржаубай Нұрымовты 00:35 шамасында дүкенге келгенде көргенін айтты.

«Мен оның айтқандарымен келіспеймін. Бұл кісі менімен емес, алдымен Дидармен амандасты. Нұрқанатпен сөйлесіп болған соң, біз дүкенге кірдік. Дидар екі сыра алып келіп еді, сатушы болмады. Сатушы кім деп сұрағанымызда, Қаржаубай кірді. Мен ақшамды алып төлейін деп жатқанымда, сыртта гүрсілдеген дауыс шықты. Сол кезде аға бізді «шығыңдар» деп дүкеннен қуып шықты. Сосын біз көлікке отырып кетіп қалдық. «Делайте» деп айтқан жоқпын, себебі мен ол адамдарды танымаймын. Кабан көлігіндегі жігіттермен де амандасқан жоқпын, ешқайсысын танымаймын», – деді куәгер Самат Абдықадыр.

Ол видеода Дидар екеуі көлікке отырып, кетіп қалғанын айтады.