Сотта марқұм Ғайыпбаевтың інісі мен өзіне пышақ салған адамды таныған видеосы көрсетілді

Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесінде марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың інісі мен өзіне пышақ салған адамды таныған видеосы ұсынылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Видеодан Ғайыпбаевтың ауруханада тергеушілердің сұрағына жауап беріп жатқанын көруге болады. Полицейлер оған пышақ сұққан адамды фотодан көрсетіп, сұрақ қояды. Ғайыпбаев видео барысында тергеушілердің сұрағына жауап бере отырып, «Түрін көрсем, айта аламын» деп, фотосуретке қарап өзінің інісін пышақтаған адамды танығанын айтады. Тергеушілер «пышақтаған Нұрқияс па?» дегенде Ғайыпбаев есінен танып қалғанын мәлімдеді.

«Мен соңғысын білмеймін. «Отключкада» болдым. Інімді пышақтап жатқанда, мен оның үстіне шығып жатып алдым», – дейді ол.

Полицейлер қайтадан сұрақ қойды: «Ініңді кім пышақтады?» «Солар…» – деп жауап береді Ғайыпбаев. Одан соң полицейлер тағы бір фотосурет көрсетіп, Ғайыпбаевтан «Нақты қайсысы екенін білесің бе?» деп сұрайды. Ғайыпбаев фотодан көрген адамның інісін пышақтағанын растайды. Кейін тағы бір сурет көрсетілгенде, ол өзін пышақтаған адамды да таниды.