«Қан, оқ және кілт»: Куәгерлер Шерзат Полат ажал құшқан оқиға орнын сипаттап берді

Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде куәгерлер қайғылы оқиға орнында көрген деректерді бөлісті, деп жазады Qazaq.today ақпарат порталы. 

Куәгер Дарын Жанболатұлы сол күні атышулы оқиға болған «Қамажай» дүкенінің маңында болғанын айтты. Оның сөзінше, марқұмның достары сол маңда жүрген, біреуінің басынан жарақат алғаны байқалған.

«Біз барғанда бір көршіміз ештеңеге тимеңдер деп ескертті. Полиция келгенге дейін жерде қан, оқ пен кілт жатқанын көзім шалды. Бірақ оларды кейін кімнің алып кеткенін көрмедім», – деді куәгер.

Сотта жауап берген тағы бір куә — Дарын Жанболатұлы да сол түні дүкен алдында екі жігіттің жерде жатқанын байқағанын жеткізді.

«Екі жігіт жерде жатты. Кейін туыстарының бірі оларды көтеріп, бірін көлікке отырғызды. Ал екінші адам қайда қалғанын көрмей қалдым. Сондай-ақ екі оқ-дәріні бір әйел алып, сол көлікке мініп кетті», – деді ол.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде куәгер ретінде жауап берген 20 жастағы Арлан Құсайынов күдіктілерді де, жәбірленуші тарапты да танымайтынын мәлімдеді. Сот барысында ол өткен жылдың қазан айының басында Талғарда болған жағдай жайлы білгенін айтып берді.

«Біз сол күні әкімдік алдында үш көлікте тұрғанбыз. Сол сәтте досымыз Данияр Жанболатқа анасы қоңырау шалып, “ана жақта оқ атылып жатыр, үйге қайтыңдар” деп ескерткен. Осыдан кейін бәріміз автобаза жаққа беттедік. Мен ең соңынан келдім. Жолда досыммен сөйлесіп болғанша, көліктен түсуге үлгермей қалдым. Ол кезде бәрі тарап кетіпті», – деді Арлан.