Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында бірнеше куәгер куәлік берді. Тағы бір талғарлық мылтықтың қайдан пайда болғанын айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Талғат Әшірбаев Абзал Шынасылды “Қамажай” дүкеніне әкеліп тастаған екен. Ол күдікті Абзалмен бір колледжде оқыған. Сондай-ақ Нұрқияс, Равильмен таныс болған.
“Эйфория” мейрамханасында қазанда мерейтой өткізетін едім. Сол үшін кассасына барамын. Онда Абзал, Равиль, жалпы 7-8 адам отырды. Ішінде 2 қыз бар. Амандастым. Олар да менімен ілесіп шықты. Абзал көлікке сыймады, қалғаны Шыңғыстың “Мерс” көлігіне мінді. Абзал “бос болсаң, Автобазадағы “Жастар стадионына” апарып тасташы” деді. Ол “балалар ерегесіп қалыпты” деді, бірақ кімдер екенін айтқан жоқ. Қасымда Әділбек деген досым да болды. Абзал қара “мерстің” артынан ер” деп айтты”, – деді куәгер.
Сөзінше, көлік Қамажай дүкенінің алдынан тоқтап, Абзал сол жерге қарай жүгіріп шыққан. Талғат дүкен маңында ерегіс болып жатқанын көріп, кетіп қалыпты.
“Боқтасып жатты. Айқай-шу болып жатты. Жолдан өтем дегенше, дүкен алдына сұр “Равон” не “Нексиа” көлігі тоқтады. Сол көліктен мылтық шыққанын көріп, кетіп қалдық. Себебі жақында тойым болады, тиіп кетеді деп ойладым”, – деді ол.
Равон көлігінің иесі – Нұрғанат Ғайыпбаев.
Он минуттан соң куә оқиға орнына қайтып келіпті. Сөзінше, шудың басылған-басылмағанын білгісі келген.
“Екі бала жерде жатты. Біреуі бұрышта, біреуі 3-4 метр арақашықта жатыр. Анасының жылап жатқанын естідім. “Жедел жәрдем шақырыңдар, көмек” деп айқайлады. Қан, ештеңе байқамадым, өйткені ол көше қараңғы”, – деді ол.
Айтуынша, жедел жәрдем, полицияға шақыруға қорыққан. Сол жердегі адамдар көмектеседі деп ойлапты.