Бүгін Талғардағы резонансты іс бойынша кезекті сот отырысында 32 жастағы Эльмира Нұрбекова куәлік беруді жалғастырды. Ол – қайғылы оқиға кезінде айыпталушылармен бірге оқиға орнына барған екі әйелдің бірі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұған дейін Нұрбекова сот алдында Абзал Шынасылдың қолында пышақ болғанын, тіпті оның жерде жатқан жасөспірім Шерзат Болаттың арқасына бірнеше рет соққы жасағанын ашық мәлімдеген еді. Алайда бүгін ол сол сөзінен айнып, «пышақтың нақты болғанын есіме түсіре алмаймын» деп жауап берді.
Прокурор Дана Сарсенбай куәгерден бұрынғы мәлімдемесіне қатысты нақтылауды сұрап, сот залында Абзалдың әрекетін дене қимылы арқылы көрсетуді өтінді. Нұрбекова айыпталушының Шерзатты қалай ұрып-соққанын сахналық түрде бейнелеп берді.
Куәгердің әрекетінен кейін прокурор одан оқиға орнында неге жедел жәрдем шақырмағанын сұрады.
«Мүмкіндік болмады. Қатты қорқып қалдым. «Талғарға жетіп алайық, сосын бірден полицияға барып бәрін айтамыз» деп ойладым», – деді Эльмира Нұрбекова.
Алайда прокурор оның жауабына күмән келтіріп, егер ол шынымен қорыққан болса, онда қарулы ер адамдармен бірге қалай жүре алғанын сұрады. Бұл сауалға куәгер нақты жауап бере алмады. Сондай-ақ прокурор төрт баланың анасы ретінде жерде қансырап жатқан баланы, жан ұшыра көмек сұраған анасын көргенде не сезінгенін сұрады.
«Не болып жатқанын түсіне алмадым, шок жағдайында болдым», – деп жауап қатты Нұрбекова.