Кәсіби коуч, халықаралық дәрежедегі парапсихолог, дінтанушы Айнұр Әбдірәсілқызы Qasqa Jol YouTube арнасының кезекті шығарылымында медицинаның шамасы жетпейтін ауруларды дем салумен емдеуге бола ма, зікір айту ережелері туралы айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Мен бұл салада отыз бес жыл жүрмін ғой. Естеріңізде болса, мен бұған дейін өзімнің шыққан тегімді айтқан едім. Мен қырық бір ата-бабасы хан болған, қырық бір нағашы жұрты әулие болған адаммын. Сондай жұрағаттан туғандықтан, енді былайша айтқанда тегім асыл болып тұр ғой. Сондай-ақ, мұндай жетістікке жетуім тынбай ізденуімнің арқасында деп те ойлаймын. Енді негізгі тақырыпқа ойыссақ, біз енді есімізді білгелі намаз оқып келе жатырмыз, жаңағы айтқандай 35 жыл намаз оқып келе жатырмыз, одан бөлек адам еркінен тыс, ерікті-еріксіз Алланы ауызға алады, яғни өте көп зікір айтады деген сөз ғой. Өткен жолы да айтқан болатынбыз, зікір айту деген, тек отыра қап зікір салу емес, яғни біздің намазымыз да зікір, біздің истиғфарымыз да зікір, біздің салауат айтуымыз да зікір, біздің жәй жүріп айтатын «Лә илләһә иллә Алламыз» да зікір, яғни біз қай жерде Алланы ауызға алып, еске аламыз, соның бәрі зікір», — деді ол.
Дінтанушының айтуынша, Алланың 99 есімін айту арқылы не нәрсеге мұқтажбыз, соны Алла тағаладан сұрай аламыз. Мәселен, бірнәрсеге мұқтаж боп жүрсеңіз, «Әл-Раззақ» деп үнемі айтып жүру қажет.
«Бүгінгі күні халық түрлі-түрлі жалған емшілік тәжірибелердің кесірінен адаса бастады. Тіпті қайсысына сенерін білмей дал. Халық жақсы мен жаманды айыра алмайтын күйге түсіп барады. Одан соң мынадай бір үрдіс пайда болды. Қазір діннің атын «жамылған» адамдар, сап-сау адамға сенде жын бар деп айтатын болған. Немесе жалған психология арқылы, яки кванттық психология дейміз ғой, небір түрлі жолмен бойыңнан дуаны шығарамыз дейтіндер бар. Оның барлығына сене беруге болмайды. Алдымен көзімізді, көкірегімізді ашып, бәріне көз жеткізіп алуымыз қажет. Оның барлығы өтірік екенін солардың алдынан зардап шегіп келген адамдар дәлелдеп отыр. Тағы да қайталап айтамын, Ислам діні рұқсат еткен емшілік түрлерін, ислам мойындайтын ғана ем түрін жасайтын адамдар ғана емші деп танылу керек. Өйткені ол ғасырлар бойы дәлелденген жүйе. Мәселе сонда», — деді дінтанушы.
Дінтанушы ислам медицинаға қарсы емес. Кейбір адамдар арандату негізінде өтірік айтып жүргенін атап өтті.