«Таяқ жеп қалғанына ызаланған»: Алматы облысында жауыздықпен адам өлтіргендерге үкім шықты

Қаскөйлер Қонаев қаласындағы ХҚКО маңында жәбірленушіге бірнеше рет оқ атқан

«Таяқ жеп қалғанына ызаланған»: Алматы облысында жауыздықпен адам өлтіргендерге үкім шықты
Фото: © istockphoto.com
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қасақана адам өлтірген 6 сотталушыға үкім шығарды.

Сот 2024 жылғы маусымда Қонаев қаласындағы «Алекс» демалыс орнында екі сотталушы мен жәбірленуші арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқанын анықтады.

«Жәбірленушінің күші басым түсіп, осыдан кейін сотталушылар оны өлтіруді көздеген. Олар қылмысты жүзеге асыру үшін тағы төрт адамды тартқан. Сол кеште Қонаев көшесіндегі ХҚКО маңында олар жәбірленушіге бірнеше рет оқ атқан, кейін ол ауруханаға барар жолда көз жұмды. Оның досы жарақат алып, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман қалды», — деп жазылған Алматы облыстық соты таратқан хабарламада.

Сот барлық сотталушыны кінәлі деп танып, екі сотталушыны 19 жылға, ал қалғанын 17 жылға бас бостандығынан айырды.

«Сондай-ақ сотталушылардың бірі жалған айғақ бергені үшін кінәлі деп танылып, екі жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушылардың бұрын сотты болмағанын және кәмелетке толмаған балалары барын жеңілдететін мән-жай ретінде, ал атыс қаруын қолдануын ауырлататын мән-жай ретінде ескерді», — деп түйіндеді сот.