«WhatsApp» арқылы қазақ ұлтын қорлайтын хабарлама жолдаған азамат 4 жылға сотталды

Павлодар қаласының № 2 соты ұлттық алауыздықты қоздыру және ұлттық ар-намыс пен қадiр-қасиеттi қорлау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Сот мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 1 қаңтарында масаң күйде болған азамат «WhatsApp» мессенджерінің жалпы тобына мазмұнында ұлттық алауыздықты қоздыруға және қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысы пен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған 3 дауыстық хабарлама жолдаған.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденгені айтылады.

Ұлттық алауыздықты қоздыру және ұлттық ар-намыс пен қадiр-қасиеттi қорлағаны үшін (ҚК 174-бабының 1-бөлігі) заңмен негізгі жаза ретінде ең жоғары мерзім 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

“Жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығын, кінәсін толық мойындауын және шын жүректен өкінуін, асырауында екі жас баланың болуын ескере отырып, сот 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген ақпаратта.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Qazaq.today