Мінберде тұрған адамға «мына тілде сөйле» деуге болмайды — Мемлекет басшысы

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда мектеп түлектерінің 80 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Ал биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушылардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алмақ. Бұл – жақсы көрсеткіш. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – біздің стратегиялық мақсатымыз. Бірақ бұл мәселе қоғамда дабыра туғызу үшін емес, сабырмен.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың бір-біріне немесе мінберде сөйлеп тұрған адамға «мына тілде сөйле» деп қысым көрсетуіне болмайтынын атап өтті. Тіл тақырыбын пайдаланып ел ішіне іріткі салуға тырысатын әрекеттерге заң аясында нақты тосқауыл қойылатынын айтты.

«Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып, әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы былтырғы Ұлттық құрылтайда айтылған негізгі құндылықтарды тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім – еліміздің іргетасын берік ұстап тұрған басты тіректер.

«Халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.