Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жиенін зорлаған екі ағайындыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ағайындыларға Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) мен 194-бап 2-бөлік 2-тармағы (Адамдар алдын ала сөз байласуымен бопсалау) бойынша айып тағылды.
Жантүршігерлік қылмыс 2024 жылдың күзінде ашылды. Сот мәліметінше, айыпталушылар нағашысының әйеліне “күйеуіңе абыройыңа нұқсан келтіретін ақпаратты жібереміз” деген мәтіндегі хабарлама жазып, қорқытқан. Олар ақпаратты жарияламау үшін бес миллион теңге талап еткен. Кейіннен бұл хабарламаны жазған әйелдің күйеуінің әпкесінің ұлдары екені анықталды. Әйел дереу полицияға хабарласып, бопсалаушылар ұсталды.
Алайда одан да қорқынышты мәліметтер кейінірек пайда болды. Сот мәліметінше, екі ағайынды өздерінің 14 жастағы жиен қарындасын бірнеше жыл бойы зорлап келген. Әйел НеМолчи қорынан көмек сұрап жүгінген. Айтуынша, қызы соңғы уақытта тұйықталып, депрессияға түскен.
Қыздың бұл әрекетінен шошынған туыстарының бірі жасөспіріммен сөйлесіп, қорқынышты жайтты естіген. Қыз ұсталғандардың бірі соңғы төрт жыл бойы, екіншісі жеті жыл бойы «үйде үлкендер болмаған кезде оған жамандық жасағанын» айтқан.
“23 қыркүйекте жеңгесі қызды құшақтап: «Сені не мазалайды, неге тұйықталып кеттің» деп сұраған. Жасөспірім сол сәтте: туыстары, яғни әкесінің 26 және 20 жастағы інілері 8 жыл бойы зорлап келгенін айтқан. Ешкім олардан күдіктенбеген. Олар қызды гаражда, үйде ешкім жоқ кезде зорлаған”, – дейді құқық қорғаушылар.
Сотта айыпталушылар бопсалағанын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініп, әйелден кешірім сұрады. Алайда олар жиеніне қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жоққа шығарды. Бірақ заттай дәлелдемелер, сараптамалық қорытындылар мен басқа зерттеулер олардың кінәсін анықтап берді.
Сотталғандар өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олар жазасын төтенше қауіпсіздіктің қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтейді.