Асхат Аймағамбетов Үкіметке ұсыныс жасады

Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында магистратура мен докторантураға түсу тәртібіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Атап айтқанда, ол ағылшын тілінен міндетті емтихан тапсыру талабының қазіргі заман талабына сәйкестігін қайта қарауды ұсынды. Асхат Аймағамбетов бұл талаптың өзектілігін кезінде министрлік кезеңінде өзі қолдап, бекіткенін атап өтті. Алайда қазіргі технологиялық даму жағдайында бұл талаптың кейбір гуманитарлық мамандықтар бойынша жастарға кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етті.

Сауалда ұсынылған негізгі бастамалар:

1. Ағылшын тілін оқытуды күшейту: мектеп бағдарламасындағы ағылшын тілі сағаттарын көбейту бастамасын қайта жандандыру;

2. Талапты икемді ету: оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағдарламаларда ағылшын тілінен емтиханды оқу аяқталған соң тапсыру мүмкіндігін қарастыру;

3. Сараланған талаптар: ағылшын тілінде оқытатын бағдарламалар мен халықаралық қос дипломды жобалар үшін талапты күшейту;

4. Ғылыми жарияланымдарға қатысты өзгерістер: Scopus және Web of Science базаларында мақала жариялау талаптарын да мамандық ерекшелігіне сай бейімдеу. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл ұсыныстар білім беру жүйесін әділетті, қолжетімді және заманауи технологияларға бейімделген етуге бағытталған.

Сонымен қатар, университеттердің академиялық еркіндігі шеңберінде талаптарды реттеу қажет екендігі де атап өтілді.