Мәжіліс депутаты Абзал Құспан алимент төлемейтін әкелер мен жеке сот орындаушыларының әрекетіне қатысты өз пікірін білдіріп, қазіргі жүйенің кемшіліктеріне назар аударды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпараттық порталы.
Депутаттың айтуынша, алимент – баланың құқығы, оны орындау – әкенің заңмен емес, адамгершілікпен реттелетін міндеті.
«Алимент төлеу – әкенің міндеті. Оны заңмен негіздеудің өзі артық. Егер жұмыссыз ана баласын аштан өлтірсе, оның үстінен іс қозғалып, жауапқа тартылады. Ал ер азаматтар кейде жұмыссызбын деп, кейде бизнесін басқа адамның атына жазып, қымбат көлікпен жүріп, алимент төлеуден қашады. Бұл – баланың құқығын таптау», – деді Абзал Құспан.
Ол алименттің әйелге емес, тікелей балаға арналғанын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ депутат шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, алимент төлемейтіндерге қатысты қосымша моральдық жауапкершілік енгізу қажеттігін айтты. Мысалы, жүргізуші куәлігінен айыру, жүріп-тұру еркіндігін шектеу сияқты тетіктер қарастырылуы керек.
«Біз де осындай қосымша шараларды ұсынып жатырмыз. Заңды қатайта бергеннен нәтиже шықпайды», – деді ол.
Абзал Құспан алимент өндірісін жеке сот орындаушыларынан алып, мемлекеттің құзыретіне қайтаруды ұсынды.
«Жеке сот орындаушылары кәсіпкер сияқты. Олар мемлекеттік қызметші емес, мансабына әсер ететін шара қолдана алмаймыз. Тек әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікпен шектелеміз. Олар қай жерде ақша көп, сол жерге ұмтылады», – деді депутат.
Осылайша, Мәжіліс депутаты алимент мәселесін түбегейлі шешу үшін жүйелі өзгерістер қажет екенін алға тартты.