«Осман сарбаздары» мен қазақ инженерлері: Түркиядағы Teknofest фестиваліне 1 млн адам келді

Ыстамбұлдағы Teknofest фестиваліне бір миллионнан астам адам қатысты. Түркияның әскери саладағы жетістіктерімен қоса, ғылыми технологиядағы жаңа жобаларын да паш ететін халықаралық көрме осымен жетінші рет ұйымдастырылды. Халықаралық қақтығыстар, террорға қарсы күрес  және соғыста соңғы жетістіктерімен әлемнің алпауыт елдерін өзіне қаратқан, дұшпанын жеңіліске ұшыратқан Түркияның қорғаныс күші жуырда тағы да жаңа кемелермен толықпақ, деп хабарлайды Qazaq.today  Azattyq Ruhy -на сілтеме жасап.

Түркиядағы бұл шара бүгінде әлемдегі ең ірі авиация, ғарыш және технологиялар фестивалі саналады. Technofest технологиялар фестивалі Ататүрік әуежайының аумағында ұйымдастырылған. Teknofest аясында авиация, ғарыштық технологиялар, автоматтандыру, энергетика, медицина, теңіз тасымалы мен соғыс кемелері және ғылым мен техниканың басқа да салаларында көрме өткізіледі. Заманауи ғылыми жетістіктер көрмесі болғандықтан бұл фестивальге қатысқысы, көргісі келетін адам саны көп. Ғалымдар мен жас өнерпаздар аталған салалар бойынша  дәріске немесе пікірталасқа да қатыса алады.

Әуежайды толықтай алып жатқан фестивальге қатысушылардың Түркияға деген отансүйгіштік сезімін күшейтіп, жерлестерін жалынды сөздерімен жігерлендірген жігіт – Сельчук Байрактар. Ұзақ сөйлеген ол әу баста бұл фестивальге келушілердің саны 20 мың болса, бүгінде адам саны 1 миллионнан асқанын айтты.

«Технологиялық әзірлемелер адамзатқа пайда әкелген кезде ғана мағыналы болады. Teknofest-те жер сілкінісі мен басқа да табиғи апаттардың алдын алу үшін технологиялық шешімдерді ұсынатын жас таланттар анықталып, біздің болашағымыз қауіпсіз болады деп сенемін», — деді Сельчук Байрактар.

Оның пікірінше, Тeknofest фестивалі көптеген жыл бұрын адамдардың санасында басталған «тыныш революция» болды. Baykar компаниясының техникалық директоры және Teknofest басқарма төрағасы Сельчук Байрактар Түркияның жауларынан бастап, соғыс жағдайында соққы берген дрондардың ерлігіне, түркиялықтардың қауіпсіз болашағына да тоқталды.

Фестиваль қатысушылары өз жобаларын көрсетіп, әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізуде. Мұнда Түркияның 81 провинциясы мен әлемнің ондаған елінен командалар келген. Ат шаптырым аумақты алып жатқан әуежайдың ұшу алаңына әскери әуе кемелері қойылды. Ал қозы көш жерге жететін алаңқайға жаңа технология, цифрлық даму саласындағы жетістіктерді топтастырған павильондар қойылған.

Әрбір әскери тікұшақтың және бомбалаушы дронның жанында инженер немесе ұшқыш бар. Фестивальді Түркияның өнеркәсіп және технологиялар министрлігі елдің жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырған.

Көптің қызығушылғын тудырған Bayraktar tb2 ұшқышсыз ұшағы – түркиялықтардың ұлттық мақтанышы әрі брендіне айналса, көптеген мемлекеттің қол жеткізе алмай отырған ұшағы. Инженер 2009 жылы алғашқысы, 2014 жылға қарай басқа модельдердің жасалғанын айтады. Ал оның әлемге кеңінен танымал болуы – Қарабақ соғысына қатысып, армяндардың жеңілске ұшырауына себеп болған кезі.

«Bayraktar tb2 моделі Украина мен Әзербайжандағы соғыста қолданылды. Бомбамен қоса есептегенде дронның максималды салмағы – 700 кг. 7 мың метр биіктікте ұшып, 200 кг бомба  тастайды. Ауа райын ескере отырып лазермен дәлдеу арқылы бомбаны тигізуі 100% дәлдікте», — деді ұшқыштың бірі.

Соңғы 9 жылда Түркия «Байрактардың» төрт түрлі моделін шығарған. Олар: «Bayraktar tb2», «Bayraktar tb3» және «Bayraktar Kizilelma» мен «Bayraktar Akıncı».

«Танк болсын, ғимарат болсын, бәрін бомбалап, жойып жібер алады. 13 мың метрден нысанаға бомбаны тигізе алады. 1500 кг бомбаны алып ұшады. Жылдамдығын айта алмаймыз, тыйым салынған. Алғашқы ұшуы 2019 жылы болды. Қазір сіздерден, Қазақстаннан бір топ адам келіп, «Байрактарды» меңгеріп жатыр. Қанша уақыт оқитынын және қанша инженер екенін де айта алмаймыз. «Байрактардың» шетелде қай мемлекеттердегі соғысқа, әскери мақсатта ұшырылғанын да айтуға болмайды. Түркия әскері бүгінде «Байрактарды» қолданып келеді», — деді инженер.

Көрмеге қойылған тағы бір үлгі – Сириядағы, Ирактағы қақтығыстарға қатысқан әйгілі F16 бомбалаушы ұшағы. Инженердің айтуынша, ол террорға қарсы қолданылған.

«80-жылдары Түркияда ұша бастады. Бір адамдық, бір моторлы жойғыш ұшақ. Ұшақтың салмағы – 10 тонна. Тағы 10 тонна бомба алып ұша алады. Қанаттарының астында да төрт-төрттен бомба қоятын орындар бар. Қазір аспанда шоу көрсетіп жүрген осы модельдегі бомбалаушы ұшақ», — деді Түркия әуе қорғанысының әскері Әли Бачак.

Инженерден басқа ұшқыштың өзі де ұшақтың жанында, келушілерге құпия ақпараттан басқа сұрақтарға жауап беруге дайын. Көрмеге келушілердің барлығына бомбалаушы кеменің ерекшеліктері туралы түсіндіріп береді. Әскери құрал болғандықтан, барлық мәліметті жариялауға тыйым салынған.

«Мен 28 жастамын. Осы модельде үш мың сағат ұшқанмын. Ұшқыш болып 4 жыл жұмыс істедім. Атымды да айта алмаймын және қай соғысқа қатысқанымыз да құпия», — деді тағы бір ұшқыш.

Көптеген келушінің назарын әскери операция кезінде қолданатын құтқару тікұшағы аударды. Дәлірек айтқанда, әуе кемесінің кабинасының бүйірлеріне орнатылған үлкен пулеметтер тікұшақтың рөлі маңызды екенінен хабар береді.

«Бұл тікұшақ шетелде жиі қолданылады. Бұл құтқару әуе кемесі. Адамдарды құтқару кезінде көп қолданыпе жүрміз», — деп түсіндірді инженер. Барлық әуе кемелері өте қымбат болса да, кейбір тікұшақ пен әуе кемелерінің кабиналарына отыруға және суретке түсіп, селфи жасауға рұқсат берілген.

Түркияның ұлттық мақтанышының бірі, соңғы модельдегі «Bayraktar Akıncı» ұшағы. Ұшқышсыз ұшақтың көлемі де ұлкен, көтеретін бомбасы да көп. Бұл түрік қорғаныс өнеркәсібіндегі ең соңғы жетістіктердің бірі саналады. Өздері алып дронға «Осман сарбаздары» деген ат берген. Яғни, жеңіліс таппаған, жеңімпаз Оспан империясының сарбаздары деген құрметті атқа ие.

Түркия әуе қорғаныс саласын ғана емес, теңіз әскери флотын, соғыс кемелерін де жаңалауда жанталасып жатыр. Көрмеге теңіз әскері қолданатын соғыс жағдайындағы кемелердің макеті де қойылған. Кеме жасаудағы білікті инженерлердің айтуынша, жуырда Түркия суасты сүңгуір кемесінің жаңа моделін шығарады. Жауды барлауға арналған Denizalti STM500 сүңгуір кемесі алдағы үш жылдың ішінде қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Кемені жасауға қатысып жатқан жас инженердің айтуынша, 22 адамдық сүңгуір 250 метр тереңдікте 30 күн су бетіне шықпай жүзе алады және бірнеше шақырымдағы жауды анықтай алады. Көрме қарсаңында ұзындығы 400 метрлік, оншақты тікұшақ ұшып-қонатын алаңы бар, ұшқышсыз теңіз соғыс кемесін де Мәрмәр теңізінің жағасына әкеліп қойды.

«I Sinifi Firkateyn» шабуылдаушы кемесінің ұзындығы 113 метрден асады. Мұндай кеменің үшеуін алдағы үш жылда дайындаймыз. Бұл кеме қолданыста мүлдем жоқ. Әскери логистикалық және шабуылдаушы соғыс кемесі. 103 әскери адам сыйып кетеді. Тікұшаққа арналған алаңы да бар. Салмағы үш 3 мың тонна, ені 14,4 метр», — деді әскери кеме жүйесінің инженері Дениз Мардан.

Фестивальдің мақсаты – қоғамның, әсіресе жастардың технологияға деген қызығушылығын арттыру, Түркияның қазіргі заманғы дамуы мен жетістіктері туралы хабарландыруды көбірек тарату. Technofest фестивалі сонымен қатар инженерия мен робототехникадан бастап ақпараттық технологиялар мен ғарыштық зерттеулерге дейінгі технологияның әртүрлі салаларындағы жас таланттар мен стартаптарды жинады.

Медицинадағы, ғарыштағы, өзге де өндірістегі жетістіктер мен  ұшу аппараттары, инновациялық технологиялардың көрмесі де көлемді. Фестивальде патенттер де ұсынылды. Ақылды көлік, биотехнология саласындағы инновациялар, чиптерді әзірлеу, тік қонатын зымырандар, білім беру технологиялары сияқты 102 түрлі санаттағы 40-тан астам жарыс өткізіліп, жүлде қоры 13 миллион түрік лирасын (300 миллион теңгеден астам) құрайды. Оның сыртында жеңімпаздарға материалдық қолдау ретінде 30 миллион лира (700 миллион теңге) төленетіні хабарланған.

 

 

Qazaq.today