Қазақ әдебиетінің классигі Әкім Тарази өмірден өтті

Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орны толмас ауыр қазаға душар болды. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы заңғар жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың және Франц Кафка медалінің иегері, профессор Әкім Үртайұлы Таразидің өмірден озғанын күйзеле отырып хабарлады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Әдебиеттің Әкімі» атанған қаламгер қазақ прозасының биігіне айналып, әдебиет пен өнердің бірнеше саласында терең із қалдырды. Оның тарихи, философиялық, әлеуметтік тереңдікті қамтыған шығармалары бірнеше буын оқырманның рухани байлығына айналды. Әкім Таразидің драмалық туындылары мен киносценарийлері де ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосты.

«Қазақ әдебиеті, мәдениеті мен өнері жолындағы ерен еңбегі ел жадында мәңгі сақталады. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұжымы атынан марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен оқырмандарына қайғыра көңіл айтамыз», — делінген ресми мәлімдемеде.