Фото: Forbes
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтың есін жиғанын мәлімдеді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Дегенмен, жағдайы тұрақты, ауыр. Қазір қалалық клиникада жатыр. Дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Айта кетейік, кеше Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Ал, бүгін дәрігерлер Руслан Берденовтың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ екендігін айтты. 4 cағат жасалған ота да сәтті өтті.
Операция барысында қан кету тоқтатылған, жарақаттанудан болған зақым да қалпына келтірілген.
Отадан кейінгі диагнозы – оң жақ кеуде қуысына енген, бытыралы оқ жарақаты. Оң жақ өкпенің төменгі бөлігінің, қабырға аралық артериялардың және көк еттің көптеген жарақаты анықталған. Оң жақ – гемопневмоторакс.