Видеодан скриншот
Алматы облысында «Хуторский» қылмыстық тобының басшысы ретінде танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Қазіргі уақытта тергеу органдары жинақталған материалдарды сотқа жолдады. Хасан Қасымбаев 2024 жылдың қараша айында ұсталып, қамауға алынған болатын. Тергеу барысында оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша айып тағылды:
- ҚК 125-бап – Адам ұрлау
- ҚК 194-бап – Бопсалау
- ҚК 107-бап – Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру
Аталған айыптар бойынша материалдар толықтырылып, іс сот қарауына берілді.
Ағасы әкімдік қызметінде болған
Тергеу барысында белгілі болғандай, Хасан Қасымбаевтың туған ағасы Аслан Қасымбаев оқиға кезінде Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. Қоғам назарын аудартқан бұл жағдайдан кейін Аслан Қасымбаев қызметінен кеткен.
«Хуторский» тобы мен Шерзат Полат ісі
Айта кетейік, марқұм Шерзат Полаттың қаза тапқан төбелес кезінде қатысқан жігіттер өздерін «хуторский» деп таныстырған болатын. Дегенмен Алматы облысының полиция департаменті Талғар ауданында «Хуторский» атты ресми тіркелген қылмыстық топ жоқ екенін мәлімдеген еді.