Аукциондағы әділетсіз схемалар: борышкерлердің мүлкі нарықтан бірнеше есе арзанға сатылып жатыр

Борышкерлердің мүлкін аукцион арқылы сату кезінде бірқатар олқылықтар мен заңнамадағы олқылықтарға байланысты әділетсіз «сұр схемалар» пайда болған. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Мәжілістегі Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы. 

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда тыйым салынған мүлікті сатып алу процесінде мүліктің шынайы бағасынан бірнеше есе төменге сатылу фактілері тіркелуде.

«Бұл жағдай борышкердің мүдделеріне елеулі нұқсан келтіреді, өйткені айырмашылық сомасын өтеу жауапкершілігі борышкерге жүктеледі. Аукционға қатысушылар арасында сатып алу ниеті жоқ тұлғалар жоғары баға ұсынып, кейін төлем жасаудан бас тартады. Бұл — әдейі жасалатын әрекет. Соның нәтижесінде мүлік бірінші аукционда сатылмай, екінші аукционға – төмендету әдісімен шығарылады. Нәтижесінде ол нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағамен өтеді», – деді Ерлан Сәрсембаев.

Астана қаласындағы бір оқиға кезінде мүлік құны 100 млн теңге болса, ол небәрі 7,5 млн теңгеге сатылған. Бұл сома нарықтық құнынан 13 есе төмен. Ұқсас жағдай Ақмола облысында да тіркелген: 2 млн теңгеге өткен жер телімі бағалау құнынан 15 есе арзан болған. Сондай-ақ, министр аукцион жеңімпазының төлем жасаудан бас тартқан жағдайларына қатысты жаңа заңнамалық түзетулер әзірленіп жатқанын айтты. Онда егер жеңімпаз мәміледен бас тартса, алдыңғы баға ұсынған қатысушыларға сатып алу құқығын беру мүмкіндігі қарастырылған.

Бұдан бөлек, мүлік құны тең ұсынылған жағдайда, бағаны көтеруге мүмкіндік беретін механизм де енгізілмек. Әділет министрлігі мұндай теріс тәжірибелерді болдырмау үшін заңнамаға нақты өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл ретте, аукцион процестерінің ашықтығы мен әділеттілігі басты назарда болады.