Қазақстаннан шетелге былтыр 13 мыңға жауық білікті маман көшіп кеткен

Қазақстандықтардың шетелге қоныс аударуының басты себептерінің бірі — жұмыс жасау мақсатында шетелге көшу. Сонымен қатар, жастар да білім алу және халықаралық тәжірибе жинау үшін шетелге барағанды дұрыс санайды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы зерттеуіне сәйкес, соңғы уақытта шетелге қоныс аударғандар саны 12,784 адамды құрайды. Соның ішінде 795 қазақ, 704 украиндық, 1,672 өзбек және 7,886 орыс ұлтына тиесілі. Елімізден көшуге бел буғандар әдетте ТМД елдерін немесе Германия, Польша және АҚШ сияқты батыс елдерін таңдайды.

2024 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстанға көшіп келгендер саны 29,948 адам болған.

                         Шетелге кететін мамандар

Шетелге қоныс аударған қазақстандықтардың арасында техникалық және экономика саласы мамандары жиі кездеседі. Статистикаға сәйкес, 3,113 қазақстандық техникалық мамандық бойынша жұмыс істеу үшін, ал 1,293 адам экономика саласында жұмыс істеу үшін кеткен. Сонымен қатар, педагогика саласында 994, заңгерлік салада 357, және медицина саласында 575 маман шетелдегі жұмысқа аттанған. Олардың қатарында сәулетші, ауылшаруашылығы және басқа сала мамандары да бар.

                                    Пайдасы мен зияны

Бір жағынан, қазақстандықтардың шетелде жұмыс істеуі және білім алуы олардың тәжірибелерін арттырып, елге жаңа білім, технологиялар мен инвестиция әкелуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл жеке даму мен жаңа мүмкіндіктердің ашылуына жағдай жасайды.

Алайда, егер бұл үрдіс тоқтамаса, елде білікті мамандар тапшылығы артып, экономика мен ғылымда артта қалу қаупін тудыруы мүмкін. Осы орайда мемлекет ішкі еңбек нарығын жаңғыртуға, жастарға кәсіби өсу мүмкіндіктерін ұсынуға және жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған шараларды жүзеге асыруы қажет.

                            Ақша аударымдары

Шетелге қоныс аударған азаматтардың Қазақстанға жіберген қаржы аударымдары ел экономикасына елеулі әсер етеді. 2025 жылдың қаңтар айында Қазақстаннан шетелге 40.7 млрд теңге аударылған, бұл көрсеткіш 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 28.3%-ға аз. Ақпан айында аударым көлемі 45 млрд теңгеге жетіп, қаңтармен салыстырғанда 10.5%-ға артқан. Қаңтар-ақпан айларында шетелден Қазақстанға жасалған аударымдардың жалпы сомасы 31.6 млрд теңгені құрады.

2025 жылдың алғашқы екі айында Қазақстаннан шетелге жасалған ақша аударымдары көлемі шетелден келген аударымдардан шамамен үш есе көп болды. Бұл жағдай еңбек миграциясы, отбасылық қолдау және инвестиция мақсаттарымен байланысты болуы ықтимал. Валюта құрылымына келер болсақ, шетелге жасалған аударымдарда теңгенің үлесі басым, ал Қазақстанға келген аударымдарда доллар негізгі валюта ретінде орын алады.

Айта кетейік, Қазақстанда демография және көші-қон саласын реттейтін мемлекеттік орган құру ұсынысы жасалған болатын.