Қазақстанда жеке кәсіпкер (ЖК) немесе ЖШС иесі болсаңыз және банк депозитінен табыс алып отырсаңыз, бұл табысқа салық салынатынын білу маңызды. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды. Finratings.kz мәліметтеріне сүйене отырып, бұл тақырыпқа нақты түсініктеме беріп өтеміз.
Егер депозит ЖК атына ашылған болса
Егер депозит жеке кәсіпкердің атына рәсімделсе, одан түсетін пайыздық табыс – кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс ретінде саналады. Заң бойынша, мұндай табыстарға 10% мөлшерінде жеке табыс салығы (ЖТС) салынады.
Алайда, жақсы жаңалық – егер депозит Қазақстан банкіндегі шотта болса, банк автоматты түрде 15% салықты өзі ұстап қалады. Сондықтан ЖК қосымша салық төлемейді, тек салық есептілігінде бұл ақпаратты көрсетуі керек.
Не істеу керек?
-
220.00 формалы декларацияда депозиттен түскен табыс пен ұсталған салықты көрсету;
-
Банк 15% ұстағандықтан, 5% артық төлем (переплата) ретінде көрсетіледі.
Мысал:
ЖК 10 000 ₸ пайыздық табыс алды.
Банк 1 500 ₸ салық ұстады.
Салық декларациясында 10 000 ₸ табыс көрсетіледі және артық төленген 500 ₸ белгіленеді.
Егер депозит жеке тұлға атына тіркелсе
Егер депозит жеке мақсатта, яғни қарапайым азамат ретінде ашылса және сіз Қазақстан резиденті болсаңыз – онда пайыздық табысқа салық салынбайды.
Бірақ егер сіз резидент емес болсаңыз, банк 15% салықты автоматты түрде ұстайды.
Егер депозит ЖШС атына ашылса
Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (ЖШС) тиесілі депозиттен түсетін пайыздық табыс – бұл компанияның кірісі болып саналады және оған 20% мөлшерінде корпоративтік табыс салығы (КТС) салынады.
Банк бұл табыстан 15% салықты автоматты түрде ұстайды, бірақ ЖШС:
-
Қалған 5%-ды өзі төлеуі қажет (егер шығын ретінде есепке алынбаса),
-
Бұл табысты 100.00 формалы декларацияда көрсетуі тиіс.
Маңызды:
Банкке барып, ұсталған салық туралы ресми анықтама алыңыз – ол есеп беру кезінде қажет болады.
Егер депозит шетелдік банкте болса
Шетелде орналасқан депозиттен түскен пайыздық табыс та салық салынатын кіріс болып саналады. Мұндай жағдайда салық автоматты түрде ұсталмайды, оны кәсіпкердің өзі есептеп, өздігінен төлеуі тиіс.
ЖК үшін:
-
Пайыздық табыс жалпы кіріске қосылып, 10% ЖТС салынады.
-
Егер шетелдік банк салық ұстаса – оны растайтын құжаттар қажет.
-
Табыс 220.00 декларациясына «шетелден түскен табыс» ретінде енгізіледі.
-
Егер 31 желтоқсанда шетел шоттарында қаражат көлемі 1 000 АЕК-тен асса – қосымша 270.00 формасы тапсырылады.
ЖШС үшін:
-
Пайыздық табысқа 20% КТС салынады.
-
Шетелдік банк ұстаған салық ескеріледі (дәлелді құжат қажет).
-
Бұл табыс міндетті түрде салық есептілігінде көрсетілуі керек.
Егер сіз ЖК немесе ЖШС ретінде депозитке қаржы салсаңыз, пайыздық табыс салық салынатын кіріс болып есептеледі.
Салық органдарының айыппұлдарына ұрынбау үшін:
-
табысты есептеп,
-
тиісті формаларды (220.00, 100.00, 270.00) уақтылы тапсырып,
-
банк анықтамаларын жинауды ұмытпаңыз.