«Қан тоқтамай ағып жатса да, Нұрқияс ұрып жатыр»: Шерзаттың әкесі соттағы сөзі жалғады

Талдықорғанда өтіп жатқан атышулы қылмыстық іс бойынша сотта Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жауап берді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы. 

Соттағы сөзінде Қаржаубай Нұрымов ұлы Шерзаттың өліміне алып келген түнгі оқиғаны егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, сол күні дүкенінде үш жігіт келіп сыра сұраған, бірақ ол жабылуға жақын болғанын айтып, сатудан бас тартқан. Алайда кенеттен соққы алып, жағдай ушыға түскен.

«Кілтті ала бергенде соққы тиді. Қолыма май кесетін пышақты алып, қорғану мақсатында шықтым. Себебі олар өздерін “Хуторлықпыз” деді. Ауылда “Хуторлықтар” қақтығысты бір-бірден шешпейді, топпен келеді дегенді естігенбіз. Балаларды қорғау үшін амалсыздан пышақ алуға мәжбүр болдым», – деді ол.

Оның айтуынша, сол сәтте дүкеннің алдында қыздар да болған. Шыңғыс пышақ шығарғанмен, онысы түсіп қалған. Ал Азамат есікті теуіп, Қаржаубайды дүкен ішіне құлатқан. Бірақ ол соған қарамастан сыртқа шығып үлгерген.

«Сыра бөтелкесімен бетімнен ұрды, артынша жауырыма кірпішпен соқты. Шыңғыстың пышағының ұшы жауырыма тиді. Құлағанымда мылтықтың дауысы естілді. Кім атты — көрмедім», – дейді ол.

Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, төбелес күшейіп, Абзал мен Шыңғыс пышақ шығарғаннан кейін ол жас балаларды арашалап алуға тырысқан. Сол сәтте әйелі мен ұлы Шерзат та сыртқа шыққан. Шерзат Нұрбол және Нұрқияспен төбелесіп кеткен.

«Шерзат “Папа, бірдеңе тығып алды” деді. Қан ағып жатқанын көрдім. Бірақ пышақ деп ойлаған жоқпын. Балаларға “қашыңдар” дедім», – дейді ол.

Куәгер ретінде сөйлеген әке сол сәтте ұлының жараланғанын білмегенін, бірақ оның ауырсынғанын, «ауырып тұр» деп айтқанын еске алды. Оның айтуынша, анасы Шерзаттың жанында болғанымен, Нұрқияс тоқтамай, оны ұруын жалғастырған. Осы кезде Шерзаттың анасы «қойыңдар» деп, баласын қорғаштаған.

«Арықтың ішінен анамды шығарам дегенше, Шерзат сөйлеп жатты. “Бірдеңе тығып алды” деді. Қан тоқтамай ағып жатыр екен. Соған қарамастан Нұрқияс ұрып жатты», – деді Қаржаубай Нұрымов сотта.

Сот жалғасып жатыр.