«Балаларың жауап береді» деп сес көрсетті»: Шерзаттың әкесі сотта сол түні не болғанын айтты

Талғардағы Шерзат Болаттың қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтан жауап алынды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы. 

Ол сотта қайғылы оқиға болған түннің мән-жайын толық баяндады.

Айтуынша, Қазан айының 3-нен 4-не қараған түні жұмыстан кейін өзі жалға алып, қосымша табыс көзіне айналдырған дүкенге барған. Сол жерде Дархан Әскентай есімді жігітпен кездескен. Қаржаубайдың сөзінше, Дархан бастапқыда тыныш болғанымен, кейін мас күйінде дауыс көтеріп, боқтанып сөйлеген.

«Дархан сыра сұрады. Сағат 23:00-тен кейін сатуға болмайтынын айттым. Қоймаған соң, беруге тура келді. Ақша аударымын көрсетті, бірақ ол да түсінбей қалды. Осы кезде балам Шерзат қуаттағышын алуға келді. Артынан Дархан қайта оралып, екеуі сөзге келіп қалды. Терезе ашық болғандықтан, дауыс көтерілгенін естідім. Шығып үлгергенше, балам оны ұрып жіберді. Ажыратып алдым. Кейін Дарханға кешірім сұрап, ақысын өтеп, ауруханаға апаруды ұсындым», – деді ол.

Қаржаубайдың айтуынша, Дархан кешірмейтінін айтып, «балаларың жауап береді» деп сес көрсеткен. Кейін Қаржаубай әйелі Гүлбара Бишімбиеваға қоңырау шалып, баласының біреуді ұрғанын айтып, інісі Нұрқанат Ғайыпбаевты жіберуді сұраған.

«Нұрбол мен Дархан қайта келді. Нұрбол ашулы болды. “Кім ұрды?” деді. Баламды қорғамақ болып, “мен ұрдым” дедім. Ол “бізді танымайсыңдар ма? Біз – Хутордың жігіттеріміз” деді. Дархан жетім екенін ескертіп, неге оны соқтыңдар деді. Мен оған: “Біз әдейі ұрған жоқпыз, бала ашуланып кетті” деп түсіндірдім», – деді Қаржаубай.

Ол сонымен қатар пышақ алып шыққанын да жасырмады. Алайда оны қолдануға ниеті болмағанын айтты.

«Дүкен сөресінде тұрған май кесетін пышақты алып шықтым. Себебі Дарханның Нұрболға шындықты айтпай тұрғанын көрдім. Ол көшеде жай тұрған кезде біреу келіп соқты деген. Мен Дарханға бардым, балам мен інім ажыратып алды. “Бала емес пе, жүр ауруханаға апарайын” дедім. Сосын балам “әке, қой” деген соң, пышақты орнына апарып қойып, қайта шықтым», – деп түсіндірді ол.