Талғардың тәрбиесіз тексіздері: Шерзатқа қарақшылар үш рет пышақ тыққан

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде марқұмның әжесі Жұмабике Кадирова куәлік берді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпараттық агенттігі.

Сот отырысында прокурорлар Кадированың немересі құлаған сәттегі жағдайды егжей-тегжейлі баяндауын сұрады. Әжейдің айтуынша, Шерзат қашып бара жатып құлап қалған, алайда оны сол сәтте-ақ бірнеше адам қоршап, соққыға жыққан.

«Шерзаттың анасы Гүлбараны ұстап тұрғандар да барып, құлаған Шерзатты ұра бастады. Ол жүгіріп бара жатып құлап қалды. Көзден таса болғанда, қашып кетті деп ойлап қалдым. Бірақ қай жақтан жүгіріп шыққанын білмеймін», – деді ол.

Жұмабике Кадирова сонымен қатар оқиға кезінде ауыр жарақат алған екінші ұлы — Нұрқанат Ғайыпбаев туралы да баяндады.

«Шерзат құлаған кезде: “Нұрқанат аға, маған бірдеңе тығып алды” деді. Нұрқанат оған қарай жүгіргенде, оны да аяғынан тартып, ұрып, пышақтады. Үш жерден пышақ кіріп, біреуі қадалып қалған», – деді әжесі сотта көзіне жас алып.

Кадирова шабуылдаушылардың қолында мылтық пен пышақ болғанын атап өтті. Ол өз ұлдарының медицина саласында жұмыс істейтін, отбасы бар, білімді азаматтар екенін айтып, оларды шабуыл жасағандармен салыстыруға келмейтінін жеткізді.

«Адамдар мылтықпен ұрыпты. Мылтық Нұрқанаттың немесе Қаржаубайдың мылтығы деп жатыр. Қаржаубайда пышақ болған дейді. Менің балаларым – халыққа қызмет етіп жүрген, реанимацияда адамдардың өмірін құтқарып жүрген азаматтар. Дипломдары, жұмыстары, отбасы бар. Ал мына сотталып отырған балалардың қолында бірде-бір диплом жоқ. Егер олар дұрыс тәрбиеленген, еңбекқор болса, түн ішінде көшеде жүрмес еді», – деді ол.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Фото: ҚР ЖС видеосынан кадр