Шерзат Болаттың өлімі: Сотта марқұмның әжесі жауап берді

Талғар қаласында 2024 жылы қазан айында көз жұмған Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында марқұмның әжесі Жұмабике Кадирова куәлік етті. Бұл туралы Qazaqtoday ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Сот барысында Жұмабике Кадирова шындықты айтуға ант беріп, оқиғаның қалай өрбігенін егжей-тегжейлі баяндады. Сот төрағасы Ержан Жанұзақов одан сотталушылардың арасынан кімді танитынын сұрады. Кадирова тек Абзалды (Шынасыл) танитынын айтып, оның тегімен тек сот барысында ғана танысқанын жеткізді.
«Түнде немеремді іздеп шықтым…»
Кадирова оқиға болған түні жұмыстан түнгі 11 шамасында оралғанын айтты. Шай ішіп отырған сәтте келініне жолдасы Қаржаубай қоңырау шалып, Шерзат біреумен жанжалға түскенін айтып, інісі Нұрқанатты сол жаққа жіберуді сұраған.
– Шерзат менің қолымда тәрбиеленген, бірге тұрған немерем. «Біреуді ұрып қойыпты» деген соң, әжесі ретінде кешірім сұрауға өзім де бардым. Бірақ ол ешқашан шектен шықпайтын, өзін ұстай білетін бала еді. Баламның бір рет ұрғаны үшін оны оншақты адам жабылып өлтіреді деп ойлаған жоқпын, – деді Кадирова сотта көзіне жас алып.
«Топтасқан балалар, мылтық пен пышақ…»
Кадирова таксимен барған кезде оқиға орнында балалардың екі жерге топтасып тұрғанын көрген. Сол сәтте сотталушылардың бірі Абзал Шынасыл әжені итеріп жіберген, нәтижесінде ол құлап, телефонын түсіріп алған. Абзалдың әрекетін Нұрқанат айтып берген.
– Олар топ болып, 3 көлікпен алдын ала дайындалып келген. Мақсаттары – Шерзатты жазалау емес, өлтіру болған сияқты. Себебі сол жерде оған соққы жасамаған бірде-бір адам болмады. Ол небәрі 16 жастағы бала еді, – деді Жұмабике Кадирова.
«Ұлымды құтқаруға ешкім үлгермеді»
Кадированың айтуынша, оқиға орнына келген анасы Гүлбара Бишімбиева Шерзатты көргенімен, жете алмаған. Себебі оны сол сәтте бірнеше адам ұстап тұрған.
– «Жібер» деген дауыстарға қарамастан ешкім тоқтаған жоқ. Қатты соққыдан кейін Шерзат құлады. Ол жерде тек Шерзатқа емес, Нұрқанатқа да шабуыл жасалды. Қазір ойласам, сол сәтте полицияға хабарласуым керек еді, – деді ол.
Сот отырысында Жұмабике Кадирова айыпталушылардың ешқайсысын бұрын танымайтынын, сол түні немересі мен отбасы мүшелерін аман алып қалуға тырысқанын айтып, көзіне жас алды.