Шерзат ісінде куәгер деп танылған екі қыздың кім екені, әрі олардың оқиға орнына кімдермен бірге барғаны мәлім болды.
Прокурор Дана Сәрсенбай айыптау актісінде Шерзат ісіне қатысты (әуелі күдікті деген ақпарат тараған) екі қызға байланысты мәліметтерді айтты.
4 қазанға қараған түні Нұрбол Тоқтаубаев өзінің таныстары — Азамат Тоқтаубаевты, Ілиясовты, Шынасылды, Сәкиев пен Белғожаевты «Қамажай» дүкенінің алдына шақырып алған.
Олардың оқиға орнына барғанға дейін мейрамханада ішіп отырғаны белгілі болды. Қызып алған олар жанжал шығару үшін дүкеннің алдына келген. Сонымен қатар, іс бойынша елдің бәрі сұрастырып жүрген екі қыз Нұрбекова мен Жақсыгелді дәл осы кезде Белғожаев айдап келген Mercedes-Benz көлігіне мініп, басқа да күдіктілермен бірге оқиға орнына келгені анықталды.
Дәл қазір прокурор әрбір сотталушыға жеке-жеке тоқталып, олардың іс-әрекеттері мен айыптау актілерін оқып жатыр. Осыдан соң, судья сотталушылардан бұл айыппен келісетінін, не келіспейтінін сұрайды.