Алматылық мұғалімдерден 5 мың теңгеден жинап, концертке баруға мәжбүрлеген

Алматыдағы бірқатар колледж мұғалімі «Алатау серілері» тобының концертіне еркінен тыс билет сатып алуға мәжбүр болғанын айтып, шағымданды. Олардың айтуынша, әр мұғалімнен 5 мың теңгеден жинап, билет алуды тапсырған

КТК мәліметінше, бұл мәселе мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың да назарына іліккен.

— “Мұғалімдерден 5 мың теңге жинап, ешкімге тіс жармаңдар” деген әрекеттер – ашық заңбұзушылық. Мұндай жағдайдан концерт ұйымдастырушылары да, мәдениет басқармасы да бейхабар болуы мүмкін. Кейде осындай істің артында делдалдар тұрады. Тіпті кейбір адамдар билеттен түскен қаржыдан пайда табуды көздейді. Мұны басшылық деңгейінде мәжбүрлеуге дейін апаратындар да бар, дейді Мұқаев.

Депутаттың айтуынша, осы мәселеге байланысты бірнеше колледж оқытушысы арыз жазған. Алайда барлығы аты-жөнін жасыруды сұраған – себебі басшылықтан қысым көріп, жұмысынан айырылып қалудан қорқады.

Алматы қаласының мәдениет және білім басқармалары болса, мәжбүрлеп билет алдыру туралы ресми шағым түспегенін айтады. Соған қарамастан, мәселе мәжіліске жеткеннен кейін, колледж әкімшілігі мұғалімдерге ақшаларын қайтарып беріпті.

«Алатау серілері» тобы да өз кезегінде түсініктеме берді.

— Біз 1 мамырда өтетін концертке байланысты мұғалімдерге мәжбүрлі түрде билет таратылып жатқаны туралы хабарды сырттан естідік. Бұл жағдайдан біздің топ бейхабар. Егер ондай әрекет расымен орын алып жатса, дереу тоқтатуды сұраймыз, – деді ұжым өкілдері.